close
blog images

ӘДІЛДІК

( 0 )
?Қожанасыр бір күні көшеде аяңдап келе жатса, анадайда үш бала бір нәрсені бөлісе алмай қызыл кеңірдек болып дауласып жатады. Қожекең ақырын құлағын түріп, көз қиығымен қараса әлгі үш бала жаңғаққа таласып жатыр екен. Қолдарындағы он тал жаңғақты үш адамға тең бөле алмай әлек болып жатқан көрінеді.

?Қожекеңді байқап қалған әлгі үшеуі бірден оған жабыса кетеді. Әр қайсысы өзінің уәжін айтып, жаңғақтан өзіне лайықты деп ойлап тұрған үлесін алғысы келіп, Қожанасырға бөліп беруін өтінеді. Оларды әбден тыңдап болған Қожеке: «Сендерге адамның әділетімен бөліп берейін бе, әлде Алланың әділетімен бөліп берейін бе?», – деп сұрапты.

?Қожекеңнің әділдігіне сенген бұлар бір ауыздан «Алланың әділетімен» депті. Сол жауапты өзі де күтіп тұрғандай Қожанасыр біріне алты, екіншісіне үш, ал үшіншісіне бір ғана жаңғақ беріпті де, жөніне кете барыпты. «Мұныңыз қалай уа, Қожеке?!» деп шуылдасқан екеуіне қайырылып бір қарапты да: «Алла нығметін адамдардың бәріне тең нәсіп етпейді, біріне аз, біріне көп береді», – депті.

?Исламда «Әділдік – қандайда бір нәрсені тиісті орнына қою» деген қағида бар. Яғни, кез келген мәселеде өзіне лайықты мәміле жасау әділдіктің нақ өзі болмақ. Оны тепе-теңдік деп түсінер болсақ, қателесеміз. Көптүрлілік пен гармония да соның нәтижесінде болады. Бәрі бірдей болса, дүние бір сыдырғы, бір сарында болып қалар еді. Әділеттілікке қол жеткізетін деңгейде парасатты болуға тырысайық.