close
blog images

«САҚТАНСАҢ САҚТАЙМЫН»

( 0 )
⚜️Алла Тағала «Тин» сүресінде «Біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық» дейді. Адам ағзасындағы жасушалардың кезең-кезеңімен жаңарып отыруы, сырттан келген зиянды нәрселермен күресіп, оны жоюы – оның көркем жаратылғанын аңғартады.

⚜️Сонымен қатар адамды басқа жаратылыстан ерекшелейтін, кемелдігі мен көркемдігін айғақтайтын басты артықшылығы – оның ақылы бар жаратылыс болуында. Осы ақыл бүкіл ағзаға бақылау жүргізіп, тиісті бұйрықтарды беріп отырады.

⚜️Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің бір хадисінде «Ла адуа» яғни, ауру жұқпайды дейді. Бұл хадисті қалай түсінеміз? Адам аурудың жұқпайтынына өз-өзін сендірсе, өзіне бекем болса, аурудан қорғану үшін сақтық шараларының бәрін орындаса дерке шалдығу ықтималы өте төмен болады.

⚜️Маған ауру жұқпайды деген сеніммен жүрген адам өз ағзасына бекем болу туралы сигнал береді. Бұл нәрсені жадында сақтаған адам ауру жұғуы мүмкін барлық жолдардан аулақ болады. Иммунитетін күшейту арқылы Құдай берген көркем болмысын, қалыпты формасын сақтайды. Құдай тағала «Сақтансаң сақтаймын» дейді. Адам баласының дерт жайлаған шақтағы басты міндеті – сақтану.

⚜️Ауру жұғып, кесел тиген күннің өзінде онымен күресуге бұйрық беретін қайтадан сол ақылдың өзі. Қолданылған емнің дарып-дарымауы да оған деген сенімге байланысты. Сондықтан адамның ойы, ішкі сенімі бәрінен маңызды. Ол дұрыс болмайынша, басқасынан қайран жоқ десек артық айтқандық емес.

⚜️Қазіргі таңда бүкіл әлем, оның ішінде еліміз де қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп отыр. Коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап артып келеді. Осындай уақытта өзімізге бекем болу, сақтық шараларына мұқият қарау, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жылы сөз айту таптырмас дауа болмақ.

⚜️Әйгілі дәрігер Ибн Сина «Адамды бірінші сөз, одан кейін дәрі, одан кейін пышақ емдейді» деген екен.

⚜️Қорыта келе өз ағзамыз бен өзгелердің ағзасына күш-қуат, демеу боларлық, ауырғандарға дәрмен боларлық жақсы сөзімізді аямайық дегіміз келеді. Еліміз дін аман, жұртымыз тыныш болсын! Құдай қаласа бұл нәубеттің де бітер күні алас емес деп сенеміз.