close
blog images

ҚҰДАЙ ҚҰЛШЫЛЫҚҚА МҰҚТАЖ БА?

( 0 )
?Технологияның қарқынды дамыған және адамзаттың барған сайын көптеген дүниеге құдіреті жете түскен осынау заманда құдайға құлшылық жасап, мінәжәт қылып жүрген адамның ісін ескінің әдеті, түкке пайдасы жоқ құр әуре секілді көру – заманауи трендтердің бірі болып келеді. Осы түсініктің қалыптасып, қоғамға тарауында екі негізгі қателік бар.

?Біріншісі, құдайды дұрыс танымау, екіншісі құлшылықтың мәні мен мағынасын жіті түсінбеу.
Құдайды антикалық дәуірдегідей зор күшке ғана сүйенген, адамдарды жазалаудан ләззәт алатын тиран секілді қабылдау – адам танымындағы өте үлкен қателік. Оны танып білудің бірден-бір жолы, өзі түсірген кітаптағы сипаттарын және оның ардақты елшісінің өнегелі өмірінен сабақ алу арқылы ғана болады.

?Дін ұғымының ең қауіпті жағы әркімнің өзінше жорамалдап алуына діни мәтіндердің қолайлы болатындығында. Ол мәселені шешудің жолы – дәстүрлі жол, ата-баба ұстанымы. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлаған Абай хакімді оқыған адам Алланы тануда жаңыла қоймасы анық.

?Ал құлшылыққа келер болсақ, адамның құдайға құлшылық жасауына сол құдайдың өзінен гөрі адам мұқтаж екенін жалықпай зерделеген адам түсіне алады. Айта берсек мұның пайдасы көп. Біз біреуіне ғана тоқталайық.

?Ең әуелі құлшылық адамның ішкі жан дүниесіне теңдессіз сый-сыяпат береді. Алланы жақыннан тани түскен сайын адам өздігінен құлшылыққа құлшынады және де бұл үрдіс тереңдеген сайын рухани ләззәті арта түспесе кемімейді.

?Рухани түрде сыйға бөленгенін іштей сезініп жүрген адам ешқашан да өзгелерден сый құрмет пен ілтипат күтпейті. Яғни, адамның адамға немесе жаратылған нәрселерге құл болып кетуінен құтқарып, абсолютті еркіндікке қауыштыратын механизм тек құлшылықта ғана жатыр.
«Құдай деген құр қалмайды», – деген мақалдың астарында осындай даналық жатса керек.