close
blog images

САПАЛЫ МҰСЫЛМАН

( 5 )
? Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда қайырлы әрі Аллаға сүйіктірек. Бірақ екеуінде де қайыр бар. Өзіңе пайда тигізетін нәрсеге талпын. Алладан жәрдем сұра, әлсіздік танытпа. Ал бір іске тап болсаң «Алланың тағдыры, Алланың қалауы болды» деп айт, «Қап, әттеген-ай, егер…» деуден аулақ бол. Өйткені ол шайтанның ісіне жол ашады». (Мүслим, Ибн Мәжә, Ахмад)

✅ Хадистегі күштілік өлшемін әр қырынан ашуға болады. Мәселен: ?
1. Рухани бай, ішкі әлемі таза, сабырлы әрі ұстамды болу сынды құндылықтар жатады. Тақуалығы мен діндарлығы тағы бар.
2. Интелектуалды тұрғыдан алғанда білімді болуы. Көкжиегінің кең әрі жан-жақты болуы.
3. Өз ісінің маманы болуы. Оны тәжірибемен шыңдауы.
4. Физикалық, физиологиялық жағынан сау әрі мықты болуы.

✅ Адам өзі мықты тұлға болып қалыптасуы үшін 3️⃣ нәрсе керек:
1. Алла берген қабілетті ашу, оны дамыту. Адам өз бойындағы дарынды ашқан уақытта ғана үйлесімде өмір сүре алады.
2. Сол қабілетті біліммен ұштастыру. Себебі бойындағы дарынды сол саладағы біліммен ұштастырмайынша, ол дарын хобби деңгейінде қалып қояды.
3. Біліммен ұштасқан ілімді тәжірибемен шыңдау. Тәжірибе арқылы шыңдалмаса, сол істің нағыз майталман маманы болып қалыптасуы екіталай.

☝️ Осы тұста хадисте айтылғандай, адам тек өзіне пайдалы іспен шұғылдануы тиіс. Даму жолында өзін жетілдіріп, мықты тұлға болу үшін өзіне пайдасы тимейтін істің бәрінен аулақ бола білу керек.

? Бірақ өмір болған соң, бірде жолы болса, бірде жолы болмауы мүмкін. Осындай сәтте «қап, әттеген-ай, егер» деп өкініп, бос сары уайымға салына беруге, бастаған ісін тоқтатуға немесе үмітсіздікке түсуге әсте болмайды. Бұл Алланың тағдыры, мұның да өз қайыры болар деп өзін жұбатып, аяққа қайта тұрып, өзін жетілдірудің қамына кірісу керек. Өйткені мұсылманның үмітсіздікке түсіп, қол қусырып қарап отыруы Шайтан ? үшін ұнамды іс.

Олай болса, мұсылман адамның өзін жетілдіріп, жан-жақты дамыған мықты тұлғалар ?‍? қатарынан көрінуі – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үмбетінен күткен асыл арманы.