close
blog images

ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

( 0 )
?Дәл қазіргідей мамыражай заман қазақ тарихында бола қоймаған шығар, сірә. Тәуелсіздік туы желбіреген мына заман жас буын үшін емін-еркін дамып жетілетін кезең. Елімізде адамның өзін дамытуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бар болғаны әркімнің өзіне қажеті мен керектісін таба білуінде жатыр.Қай жерде, қай елде болмасын даму талпыныссыз болмайды. Тек алдыға ұмтылу қажет. Биік мақсаттар қойып, соның жолында аянбай тер төгу керек.

?Адам өз болашағын қалай елестетсе, ол соған түбі жетеді. Бүгінгі қиял – ертеңгі шындық. Ертеңгі нәтиже бүгінгі ниетке байланысты. Сондықтан бүгінгі ниет пен болашағымызды мәнді етіп елестету өте маңызды. Ниетсіз, мақсатсыз амал ету – соқырлыққа ұқсайды. Қайда және не үшін кетіп бара жатқанын түсінбейді. Ал, ниет етіп әрекетке кіріспеу – ақсақтық немесе шолақтыққа ұқсайды. Ойлаған ойы мен діттеген межесі болса да оған жетуі екі талай.

?Адамның өз болашағын анық елестетіп, оны іске асыру жолында мақсатты қарекет етуі – өзін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі деп айтуға болады. Өз өмірін өзі қолға алуға тырысқан адам ғана саналы түрде өзін жетілдіруге кіріседі. Ол адам үшін әрбір сәт маңызды.

?Тек өзімізді ғана емес, еліміз, отанымыздың дамуына үлес қосу баршамыздың азаматтық борышымыз екенін естен шығармауымыз қажет. Ал, еліміз Қазақстанның дамуы үшін алдымен өзімізді дамытып жетілдіру арқылы ғана бұл жауапкершіліктің бабына бара білмекпіз. Себебі Отан отбасынан басталғаны секілді, бүкіл қоғамның дамуы да жеке тұлғалардың биік шыңдарды бағындыруымен басталады.