close
blog images

ҚАЙ НАДАНДЫҚ ҚАУІПТІ?

( 0 )
?Қоғамдағы келеңсіздіктердің көбі надандықан келіп шығатыны белгілі. Бірақ бұл жерде біз айтып отырған надандық математика, астрономия, құқық және әдебиет т.б. салалардан тұратын білімнің (science) антонимі емес. Себебі, бүгінгі таңда көріп отырғанымыздай бұл білім белгілі бір дәрежеде даму алып келгенімен, адамзатты қылмыстан, әділетсізтік жасаудан тосып жатқан жоқ.

Керісінше білімді адам қылмыс пен күнәні дамытып, жаңа формада, жаңа тәсілмен жасап жатқаны белгілі. Білімнің шыңына шыққан дамыған елдер отаршылдық, құлдық, зұлымдық, соғыс, зорлық-зомбылық секілді қылмыстармен аты мәшһүр.

?Бұрынғылар мен қазіргілердің арасындағы айырмашылық тек формада. Тек осындай білімнің дамуы адамды рухани тұрғыдан дамытпауы былай тұрсын, одан әрі бұзып, оны күнә мен қылмыс жасауда тіпті кәсібилендіріп жатқандай.

?Енді не істеу керек? Бұл тығырықтан шығар жол қайсы?

?Абайға жүгініп көрейік. Абай айтады:
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар.

?Абай білімді екіге бөліп қарастырады. Бірі – ақылмен жететін білім, екіншісі – жүрекпен сезетін білім. Ақылмен ойлап білетін білім бұл жоғарыда аталған білімдер. Ал жүрекпен сезетін білім бұл – рухани білім. Яғни, адамдағы адамгершілік сана, биік мораль, ояу әрі сау ождан. Бұл оның фытрат жолынан, жаратылыс заңдылықтарынан тайып кетпеуін қамтамасыз ететін механизм.

?Бұған бір мысал берейік. Екі адам бар делік. Бірі оқудың түбін түсірген. Саналы ғұмырын білім алуға жұмсаған. Кандидаттық бар ма, докторлық бар ма бәрін қорғаған. Тіпті профессор деген атақты да алған, академик болуға таяған. Бірақ фытратқа сай өмір сүрмеген, ожданы өліп қалған. Арды емес, пайданы көбірек ойлайды. Атақтың буына әбден мас болған. Өзі секілді атақтыны ғана сыйлайды, өзгені місе тұтпайды. Кісімен алалап сыйласады.

?Ал екінші адам мүлдем оқымаған. Көз ашқалы қой бағумен өмірін өткізген. Қойшының баласы болған, жас кезінде оқудың реті болмаған. Өмірдің ағысымен қойын көбейтіп, тіршілігін жасап жүре берген. Бірақ адамгершілігі жоғары. Кісі баласын кері теппей, бәріне жәрдемін береді. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Себебі, өмірден түйгені көп, жүрекпен сезгені көп. Өмірінде кездескен игі жақсылардан рухани тәрбиені мейлінше үйреніп, бойына сіңіруге тырысқан. Былайша айтқанда жұғымды, ожданы ояу адам.

?Бұл екеуінің арасындағы басты айырмашылық не? Біріншісінде жоқ, алайда екіншісінің бойынан табылған бір құндылықтың бары анық. Мұнымен келісетін шығарсыз?! Мұны қалай атасаңыз да болады: терең түсінік, саналылық, ождан, ынсап, һидаят, ерекше фытри сезімталдық, алтыншы сезім мүшесі, хикмет т.б.

?Біз «бүкіл жаманшылықтың қайнары – надандық» дегенде осы руханияттан жұрдай надандықты меңзеп отырмыз. Әйтпесе атом бомбасын ойлап тапқан физиктердің, мыңдаған адамды бір соғыста улап қырған химиктердің, өзінің тарихы, әдебиеті мен әлеуметтанулық білімін қолдану арқылы ақиқатты ақша мен күштің ығына жыққандар, әділетсіздік пен қылмысты заңдастыру үшін адамдарды жолдан тайдырған жандарды надан еді дей алмайсыз. Олар өте білімді адамдар. Бірақ бұл білімнен мақұрым қалу аса қауіпті емес деуге болады. Қауіптісі руханияттан жырақ қалу надандығы.