close
blog images

ТАБИҒАТ ПЕН АДАМ

( 0 )
?Қарап отырсақ табиғат пен адам арасында көптеген ұқсастықтар бар. Көктемде жерге егілген тұқым жазға қарай бүр жарып шығады. Адам баласы да ана құрсағында бір тамшыдан түзіліп, бірте-бірте жетіледі. ⠀ ? Өсімдіктің жаз бойы топырақтан, күннен және судан нәр алып, күзде жеміс бере бастайтыны секілді адам да балалық шақта алған тәрбиесі мен өскен ортасынан сіңірген құндылықтары арқылы есейгенде айналасына шуақ шаша бастайды.

?Күзде өсімдіктердің жемісі сарқылып, сарғайып, жапырағы төгіледі. Сол арқылы өз міндетінің аяқтала бастағанынан хабар береді. Келер жылғы жаңадан бүр жаратын табиғатқа орын босатады. Адам да қартайып, шашы ағарады, бойынан қуат кетеді. Өзіне берілген өлшеулі мерзімнің біте бастағанын аңғартады. Сонымен қатар өмір эстафетасын өзінен кейінгі ұрпаққа табыстап, өзі мәңгілік әлемге кете барады.

?Қыс мезгілі өлген табиғатты ақ қармен көмкергеніндей, адам баласы да ажал сағаты соққанда ақ кебінге оралады. Өмірден өткен адам ақыретте қалай қайта тіріледі деген сұраққа көктемде былтырғы тұқымның бүр жарғаны жауап болады.

?Бұл жерде басты айырмашылық – табиғат тіршілігі адам ғұмырынан қысқа болуы шығар. Әрине өмірдің ұзын-қысқа болуы емес, оның құлшылыққа, ізгілікке толы, мәнді болуы маңызды болса керек.