close
blog images

СТРЕСТІҢ ТҮПКІ МӘНІ

( 5 )
? Иманда стрестің алдын алатын әлеует бар. Мұны түсіну үшін стрестің қайдан келетінін, оның түп төркіні қайда жатқандығына назар аударған жөн. Негізінде адамды стреске итермелейтін факторлардың бірі – жоқ болып кету деген уайым. Осындай себептен болған стресті мәңгілік мекен үшін жаратылған адам рухын жоқ болудан «құтқару операциясы» деуімізге болады. Сондықтан мақсаты дұрыс болғанмен қате түсінікпен, қате формада жасалған әрекет стрес тудырады.

? Түбі жоқ болып кетем деген уайым яғни, өлу – стрестің басты себептерінің бірі. Ал ақыретке сенген, өлімнен кейін өмір, есеп күні, жәннәт пен тозақ бар деп иланған адам өлімді бір кеңістіктен келесі бір кеңістікке ауысу процесі деп қабылдайды. Мәңгілікті аңсаған рухтың жоқ болмайтынын біледі. Яғни, өлімнен маңгілікке жоғалу деп қорықпайды.

? Мәселен, бірнеше минуттан кейін бауыздалатын қойдың алдына бір уыс шөп тастасаң, оны әлгі жануар түк уайымсыз қытыр-қытыр жейді. Ал адам солай жасай ала ма? Өлім жазасына кесілген адамның алдына дүниедегі ең дәмді тағамды қойсаң да, жемек түгілі тіпті, қарауға да тәбеті тартпайды. Өлім алдындағы жанның  көз алдынан бір мезет тұтас өмірі өтеді, нендей сезімдерді бастан кешіретіні бір Аллаға мәлім.

Өлімге деген қорқыныштан қалай құтылуға болады?

? Адамды өлім қорқынышынан мен ретінде стрестен құтқаратын не нәрсе? Адамды өлімнен қорқудан құтқаратын немесе қорқынышын азайтатын жол ол – өлім мәігілікке жоқ болу емес екендігіне деген сенім. Шариғатта мұны ақыретке иман ету дейді. Иманның шарттарына толық сенген адам рухтың өлмейтінін қабылдаған, нәтижесінде қорқынышы азаяды яғни, стресі де азаяды. Азаяды деуіміздің себебі өлімнен мүлдем қорықпау қиын, тіпті мүмкін емес.

? Бір ғалым өлімге «сөйлемнің соңындағы қойылған нүкте» деп анықтама берсе, тағы бірі «сөйлемді ең көркем түрде жазғанына сенген адамның өзі ол нүктені қолдары дірілдеместен қоя алмас» депті. Себебі о дүниедегі жағдайын, амал дәптерінің қай жағынан берілетінін, сырат көпірінен өтіп-өтпеуін уайымдайды.

? Құран өлімді өмір секілді жаратылған нәрсе екенін баяндап, екеуі де сынақ екенін ашық айтады. (Мүлік сүресі 67/2). Өлім ойланғанға нығмет, себебі өмірдің машақатынан құтылудың жолы, осы дүниеге туылып келгеніміздей жаңа өмірдің алғашқы баспалдағы.

? Алла иман шарттарына лайықты түрде сенуімізді нәсіп етіп, құрғақ уайымнан құтқарып, сол күшті, дертті, уайымды дұрыс бағытта қолдануымызды нәсіп етсін.