close
blog images

ҚЫЗҒАНЫШ? пен ҚЫЗЫҒУ?

( 5 )
?️Қызғаныш ұғымына Құранда «хасад» деген сөз қолданылады. Бірақ хадистерде қызғаныштың екі түрі болатыны айтылады. Екі түріне де араб тілінде «хасад» делінеді. Алайда қазақша баламасында қызғаныш пен қызығу деп беруге болады.

Түптеп келгенде қызығу да қызғаныш категориясына жатады, негізі. Алайда қызғаныштың осы түрі Исламда мақталады. Мұны «ғибта» деп те айтады.

?️Әрбір сезімнің екі қыры болады. Өз орнымен қолданса, әр сезімнің адамға бекер берілмегенін, әрқайсының өзіндік функциясы бар екенін аңғарамыз. Ал орынсыз қолданған жағдайда сүйкімсіз сезімге айналады. Тіпті өзгелерге зиян бере бастайды. Пайғамбар алейһиссаламның мынадай хадисі бар: «Қызғаныш сезімін тек екі жағдайда қолданса айып жоқ: Бір адамға Алла байлық берген болса, ол адам сол байлықты игі жолда қолданып жатса, сол адамның жағдайына қызығуға болады. Екіншісі – бір адамға Алла білім беріп, ол сол білімі арқылы айналасына шуақ шашып, елдің көзін ашып, пайдалы іске жаратып жатса, сол адамға да қызығуға болады». (Бухари мен Мүслим)

?️Осы жерде мына нәрсені ескеру керек болады. Қызғану мен қызығудың арасында нәзік айырмашылық бар. Қызығу – әлгі нығмет менде де болса екен деген емеурін. «Алла әлгі адамға берген байлықты немесе білімді маған да берсе ғой, мен де сол адам секілді ол нығметті тек жақсы істерге жұмсайтын едім» дейді. Ал қызғанышта адам тек менде болса, өзгелерде болмаса деп ойлайды. Өзгенің қолындағы нығметке көз алартады. Бұл сезім әрекетке ұласқанда небір түрлі қастандық пен зұлымдық туады. Өзгенің қолындағы нығметті қалай да жойып тынуды көздейді. Ең қызығы ол өзіне де бұйырмайды. Атадан қалған мынадай жақсы сөз бар – «Қызғанғаны қызыл итке жем болар!»

?️Сондықтан әлдекімнің бойындағы немесе қолындағы нығметке қызыға бастасаңыз, қызғаныш сезімін қызығу сезімімен алмастырыңыз.