close
blog images

ТӘУӘССУЛ-1

( 0 )
?«Тәуәссул» араб тілінде біреуді немесе бір нәрсені себепкер ету деген мағынаны білдіретін сөз. Мысалы: екінші қабатқа шығу үшін сатыны, жұмысқа кіру үшін бір танысын себепкер ету секілді. Бірақ біз бұл ұғымның тікелей мағынасын емес, жанама мағынасы жайлы сөз етпекпіз.

?Тәуәссулді жоқ деуге болатыны секілді, бар деуге де болады. Бүгін біз тек осының жоқ болу жағын ғана айтпақпыз. Ислам діні бойынша адамның Жаратушысымен байланысында (тілдесуінде) ешбір себепкер жоқ. Пенде қалаған уақытында, қалаған мекенде Жаратушысымен байланыса алады. Парыз намаздар мен нәпіл намаздар арқылы қалаған уақытта Жаратушымен тілдесе алады. Жерер беті адам баласына мешіт етілген, сондықтан қалаған жерде құлшылық жасау арқылы байланысады.

?Өйткені адам баласына «Алла әр адамға күре тамырынан да жақын», «Жаратушы адамның нәпіл құлшылықтары арқылы, көретін көзі, еститін құлағы және ұстайтын қолы болады...», «Жаратушы әрбір құлының дұға-мінәжатын естіп, оларды қабыл алушы» деген секілді артықшылықтар берілген.

?Біздің Жаратушымен тікелей байланысатынымыздың ең айқын дәлелдерінің бірі «Фатиха» сүресіндегі «Бір Өзіңе ғана құлшылық етіп, бір Өзіңнен ғана медет сұраймыз!» – деп күнделікті қырық мәрте оқитын аятымыз. Бұған қоса Пайғамбарымыздың да Алла қаласа оған ешбір нәрсе кедергі келтіре алмайтындығына қатысты хадистер де баршылық.

?Міне, осы секілді аят, хадистерге қарағанымызда, адам шынайы ықыласпен қолын жайып Жаратушысына дұға жасағанда ешбір себепке мұқтаж емес екенін айқын көруімізге болады. Тәуәссулді тек осы жағынан ғана шартты түрде «жоқ» деп айтуымызға болады. Бірақ бұл мәселенің тек бізге көрініп тұрған жағы ғана.

?Негізінде мұның біз аңғара бермейтін жағы да бар. Мәселеге сол тұрғыдан қарайтын болсақ, тәуәссулдің бар екеніне көзіміз жетері анық. Мұны біз келесі жазбамызда қозғаймыз.