close
blog images

Тәрбие мен білім

( 3.44 )
Адамды адам ететін – тәрбие мен білім. Егер қайсыбір адамда тәрбие мен білім болмаса, оның орнын тәрбиесіздік пен надандық басады. Өйткені адамның бойындағы ешбір жақсы қасиеттің орны бос қалмайды. Не ғалым, не залым болады, немесе не тентек, не тәртіпті болады. «Тентектен түзелген жақсы болады» демей ме қазақ?! ⠀ Білім деп біз адамның бойына қонған, амалға асқан білімді айтып отырмыз. Әйтпесе іші бос құр білімділіктің адамға беретін пайдасы жоқ. «Білім – арзан, білу – қымбат» деп осыны айтса керек. Осындай құнды білім адамның бойына келген сәтте, ол адамның бойында жақсы қасиеттерді көрсете бастауы керек. Тентек болса жақсы, надан болса ғалым қылуы қажет. ⠀ «Оқу – шала естіні бүтін, бүтін естіні данышпан қылады» дегендей адамның дәрежесіне, рухына әсер етпеген білімді білім деп айту қиын. Оны жәй ғана ақпараттардың жиынтығы деуге болатын шығар. ⠀ Сол үшін адамның көргендігі мен ата-анасынан алған тәрбиесі, үйреніп жатқан білімді пайдалануда үлкен әсері бар. Адам білім алатын жасқа келгенге дейін яғни, жас өспірімдер осындай тәрбиені де алып үлгеру керек. ⠀ Мұндай тәрбиені тәрбие ісінің жауапкершілігін терең сезінген ата-ана ғана жасай алады. «Тәрбиенің түпкі мақсаты – адам тәрбиесі» деген сөзден нағыз адамды жетілдіріп шығару деп түсінеді. Өйткені тәрбиедегі басты мақсатты түсінбеген жан адамға ондай тәрбие бере алмайды. Бұл ақиқатты Лев Толстойша айтсақ «Тәрбие дегеніміз — тәрбиеленушілерді белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы». Сондықтан баланы, шәкіртті білім үйретпей жатып, оны қалай қолдануға тәрбиелей алмасақ, пайдасынан зияны көп болары анық.

Пікірлер (1)

  • comment images
    11 наурыз, 2022 07:10:57

    Адамды адам ететін тәрбие мен білім. Білімдіге дүние жарық. Білімсіздің күні кәріп.