close
blog images

Жаратушымен байланыс

( 2.17 )
Жалпы кез келген құлшылық адамды Жаратушымен байланысын қалпына келтіруге жұмыс жасауы керек. Оның түпкі мақсаты, функциясы сол. Намаз адамды 5-10 минутқа мына тіршіліктен қол үзіп, Құдай тағаламен байланысқа түсіреді. Осылайша 5 уақыт намаз дүние тіршілігіне баспен сүңгіп бара жатқан пендені бір сәт ақыретті есіне салып, етек-жеңін жинатады. ⠀ Ал ораза жылына бір рет келіп, бұдан қатаңдау шарттармен бір ай адамды тәрбиелейді. Намаз арқылы бірнеше минутқа дүниеден қол үзген адам ораза кезінде таңнан қара кешке дейін қол үзеді. Әрдайым Жаратушыны зікір етіп, ол тыйған дүниелерден тыйылып, тақуалық қылады. Ал енді адамның Жаратушымен байланысы түзелгенде не болады? Әдетте жүрегіне иман ұяламаған пенденің көңіл-күйі қолындағы дүниесіне, тұрмысындағы мүмкіншіліктерге тәуелді болады. Ал жүрекке иман кіргенде адамға дүниесінің кемуі, жылда бітік шығатын егіннің биыл шықпай қалуы, қандайда бір сынақтың келуі жеңіл әсер етеді. ⠀ Мұндай сынақтар келгенде иманнан алыс адам депрессияға түсіп, стресс боп, азып-тозып кетеді. Ал иманды жан қолынан келген шаруаны жасап, қалғанын Алла тағалаға тапсырады. Яғни, тәуекел етеді. Қолындағы барына шүкір етеді. Әр нәрсенің жақсы жағын көруге тырысады. Мұндай қиындықтардың бақытсыздық емес, уақытша беріліп жатқан сынақ екенін, маңыздысы сол сынақтан көркем сабырмен өту екендігін түсініп қояды. ⠀ Иманды адам иманды болғаны үшін бақытты. Ол бостандықта болса да, абақтыда болса да, басшы болса да, қосшы болса да, кәсіпкер болса да, қатардағы жұмысшы болса да, бұл жағдайлар оның көңіл-күйіне көп әсер бермейді. Ол үшін басты құндылық – иман, ар-ождан. Өмірде қандай жағдай болмасын адам боп қалуды, адамдық биіктен түспеуді мақсат тұтады. Міне, иманның ең үлкен нығмет болатын себебі осы.