close
blog images

Ораза қашан пайда болды?

( 2.33 )
?Құранда «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Бәлкім сол арқылы тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (2:183) делінеді. Аят христиандық, иудаизм секілді Исламға дейінгі сәмәуи діндерде де ораза секілді құлшылықтың болғанын айтып отыр. Бұдан бөлек біз дін атаулының бәрінде де ашығу арқылы адамның нәпсісін тізгіндейтін ораза құлшылығы болғанын білеміз.

?Демек, ораза Құранның түсуімен немесе пайғамбарымыздың ұстауымен басталған құлшылық емес. Адамзат жаралғалы ораза бар. Ораза адамзатпен бірге жасасып келе жатыр. Себебі, тарихта дінсіз қоғам болмаған.

?Бұдан біз нені аңғарамыз? Адам адамдық тұғырдан түспей, өзінің табиғатын таза қалпында сақтау үшін оразаға мұқтаж. Ораза болмаса адам адамдықтан алыстай береді.

?Өмірде адамды алдайтын, арбайтын нәрсе көп. Дүние, мансап, атақ, қабілет, талант т.б. Адам ораза арқылы осы нәрселерден бір сәт ажырап көреді. Сол арқылы Құдай тағаланың алдында өзінің түкке тұрғысыз екенін, Оған шексіз мұқтаж екенін жан жүрегімен сезінеді. Дүниеден ажыраған адам Жаратушысына жақындай түседі. Раббысын табады.

?Әр нәрсеге сенім артып, арқа сүйеп әбден ұсақталған адам барлық мүлік атаулының шын иесі - Алла тағаламен қауышып, Оған ғана табынып, Одан ғана жәрдем тілей бастайды. Қандайда бір жетістікке қол жеткізгенде, оны бірден Алламен байланыстырады. Алла тағаланың берген мүмкіншілігі, Ол осы істің орайын келтірмесе, сәтін салмаса өзі қауқарсыз екенін түйсінеді.

?Өмірде адам боп қалу үшін біз оразаға мұқтажбыз. Ораза арқылы ғана өз табиғатымызға қайтамыз, ораза арқылы ғана өзімізді табамыз. Ардан аттамай өмір сүру сонда барып жүзеге аса бастаса керек.