Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар, қара отты шұбарға жақын ұстамасаң — «Байлық — бір жұттық, батыр — бір оқтық» — кейде тақыртаза жаяу да қаласың.
Есеней қазір қаптап-қапталдап, жер түгін тістелей жылжып келе жатқан байлығының алдында едәуір жерде биіктеу жотаның қырқасында ат үстінде тұр. Көз жетпес жиекке дейін созылып-керіліп жатқан кең алқап шын-ақ мақтағандай екен. Жота-жота қалың ормандар. Өзекті-шілікті, тың жатқан қара отты кең шиыр. Ат шашасынан аз-ақ асатын алғашқы жауған ақша қар жердің шөбін әлі жасыра алмапты. Сондай жерге ертерек келіп ірге тепкеніне байдың, көңілі әбден тояттап тұр. Есенейдің қасында төрт адам жолдастары бар еді: ең сенімді серігі — жамағайын түрікпен Мүсіреп, Алдай елінен — аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр және Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, түрікпен Мүсірептің туған інісі — Кенжетай. Түрікпен Мүсіреп аздап сыбызғы тартады. «Боз іңген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа кел», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірмеген сақал-мұртын жарасымды қырқып ұстайды. Алдай Мүсіреп аңшы адам. Балдаққа сүйеген оң қолында «түлкі перісі» атанған томағалы қара бүркіт, арқасында жалғыз оқ, аяқты шиті мылтық. Азырақ асыға сөйлейтін, азырақ асыра сөйлейтін адам.