close
blog images

ДІН ДЕГЕН НЕ НӘРСЕ?

( 0 )
«Дін – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Құдайдың дүние, ақыретке қатысты ережелері мен заңдарының жиынтығы», «Дін деген адамдардың тылсым күштерге, қасиетті санаған нәрселеріне немесе Құдайға сеніп, табыну формасында көрініс табатын тылсым құбылыс». ⠀ Осылай жалғастыра беруге болады. Жалпы дін ұғымына ғалымдар тарапынан жүздеген анықтамалар берілген.

Себебі анықтама деген сол ұғымды толық ашуы тиіс. Яғни, дүниедегі дін атаулының бәрін қамтуы керек.

Араб тілінен келген «дін» сөзінің сөздіктегі мағынасы «ғұрып, әдет, мойынсұну, есеп» дегенді білдіреді. Қазіргі таңдағы батыс тілдерінде «дін» сөзінің баламасы ретінде қолданылып жүрген «religion» сөзі латыншадан шыққан. «Өзіне бір міндет жүктеу, қайта-қайта оқу» (иман) және «адамдарды Құдаймен байланыстыратын дәнекер» (ғибадат) деген мағыналарды береді.

«Religion» сөзінің осы екі негізгі мағынасы дін ұғымының екі негізгі тірегін (иман мен ғибадат) меңзесе керек.

Жалпы алғанда дін – өмірдің өлшемі. Себебі, дін адамның Құдаймен байланысын, адамдармен қарым-қатынасын және табиғат алдындағы үстемдігі мен жауапкершілігін реттейтін заңдар жиынтығы.

Дін сөзінің көп мағыналарының ішінде мына мағынасы ерекше назар аударарлық. Араб тіліндегі қарыз деген мағынадағы «дәйн» сөзімен «дін» сөзі түбірлес. Демек дін Құдайға, айналаңдағы жаратылысқа қарыздар екеніңді түпсанада мойындау дегенді де білдіреді.

Сондықтан да адам өзін әлденені алуға қақылы секілді емес, керісінше әлдекімге, әлденеге қарыздар адам секілді ұстауы керек. Қарыздар екенін ұмытқан адам адам екендігін ұмытқан адам. Дінсіз адам бәріне өзім жеттім, өзім өстім деп қарыздар екенін есінен шығара бастаған адам. Адам расында көп нәрсеге қарыздар. Жаратушыға борышты. Жер анаға борышты. Суға борыштар. Жан-жануарға борыштар. Табиғатқа қарыздар.

Адам бір жағынан өте құдыретті жаратылыс. Потенциалы жоғары. Бар қабілетін сарп етсе алмайтын қамалы жоқ. Екінші жағынан өте әлсіз жаратылыс. Белгілі бір жетістікке жету жолында оған көп нәрсенің көмегі қажет.

Сол үшін де өзіңді бірдеме сезінбе. Өзіңді дүниедегі ең маңызды адам сезінбе. Тәкаппарлыққа бой алдырма. Шамаң келсе қарыздар адам секілді кішіпейіл бол.