close
blog images

ОТБАСЫ ТУРАЛЫ АЯТ

( 4.2 )
?Ислам дінінің қоғамды біріктіруші, әлеуметті ұйыстырушы ерекшелігі бар. Әсіресе отбасының ішкі байланысын бекіте түсуге ерекше ден қояды. Мәселен, Құрандағы отбасыға қатысты көп аяттың тек біреуіне ғана тоқталып көрейік. Осы бір қысқа ғана аяттың өзі отбасындағы біраз мәселені қамырдан қыл суырғандай реттейді.

Жалпы отбасы жайлы таным қалыптастырады:

هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ
?«Олар (әйелдер) сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер» (2/187)

Мұнда сөз образды түрде айтылып отыр. Бұл аятты түсіну үшін жалпы киімнің қандай функциялары бар екенін еске түсіріп көрейік:

?Киім – адамға ең жақын нәрсе. Демек ерлі-зайыптылар да біріне-бірі өте жақын болуы керек. Бірінің сөзіне бірі мұқият құлақ асып, жанын түсінуге тырысуы тиіс.

?Киім – адамның тәнін ыстық пен суықтан қорғайды. Сол секілді ерлі-зайыптылар да біріне-бірі өмірдің ащы-тұщысында демеу болып жүруі тиіс. Өмірдің қиын кезеңдерінде бір-біріне қолдау көрсетіп, сенім артуы ләзім.

?Киім – адамның денесіндегі кемшіліктерді сырт көзден жасырып тұрады. Сол секілді ерлі-зайыптылар да бір-бірінің жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отыруы қажет. Өзінің де кемшілігі көп пенде екенін есте тұтып, жұбайының кемшіліктеріне кешіріммен қарауы керек.

?Әдетте адам бөтен адамның киіміне жоламайды. Отбасының алтын діңгегі – адалдық. Отбасылық өмір баянды болсын деген жандар адалдықты ту етіп ұстауы тиіс.