close
blog images

Танымыңыз қандай?

( 0 )
?Таным дүниедегі заттардың адам санасындағы бейнесі секілді нәрсе. Заттардың адам санасындағы бейнесі сол заттың түпкі мәніне сай болса бұл ДҰРЫС ТАНЫМ, ал олай болмаса БҰРЫС ТАНЫМ болады. Неліктен танымның дұрыс болуы маңызды?

Себебі, таным таным күйінде қалмайды, ол қате қалыптасқан болса иесіне зарар береді. Тіпті кейде адам айналасына қате қалыптасқан таным терезесінен қарағандықтан өзгелерге де зияны тие бастайды. Сондықтан қате таным – потенциалды зұлымдық. Адам кейде қандайда бір жаратылысқа қате таныммен қарайды да, нәтижеде көрінген қателікті жою үшін танымды түзеудің орнына сол жаратылысты түзеуге тырысады. Бәленің бәрі осы кезде басталады.

?Ақыл қандайда бір нәрсеге үкім берерде, оқиғаға баға берерде қолданатын құндылықтарды осы таным береді. Танымның ақылға ұсынған қате құндылықтары ақылдың қате пайым жасауына алып келеді. Ал қате пайымдаған ақыл қате әрекетке апарады.

?Ақылдың дұрыс жұмыс істеуі, тура қорытынды жасауы танымның дұрыс болуына тәуелді. Дұрыс қалыптаспаған таным адамды қате әрекетке ұрындырады. Танымда кеткен миллиметр қателік ой-пікірде метрге, ал іс-әрекетте километрге ұлғаяды.

?Адамның іс-әрекетіндегі қателіктер сөз болғанда әңгімені осы танымнан бастау керек. Себебі іс-әрекеттің «пішінделіп», «қапталып» шығып жатқан жері осы таным. Іс-әрекет пен ауыздан шыққан сөз бәрі де осы таным деген қайнардан бастау алады. Танымды түземей іс-әрекетті түзеуге талпыну – тесік шелекке су құйғандай бос тірлік. Өйткені қолдан күшпен түзеген іс-әрекет уақыт өте қате танымға бағынып қайта ескі сүрлеуіне түседі.

?Таным көйлектің алғашқы түймесі секілді дүние. Ол қате түймеленсе, одан кейінгі түймелер де қате қадалады. Танымда кеткен қателік соңғы түйме – іс-әрекетте көрініс табады.

?Мысалы, біздің елде жиі көрініс тауып жатқан әйелге деген зорлық-зомбылық оқиғалары қазіргі қазақ жігіттерінің әйелге деген танымында кілтипан бар екенін айғақтайды. Әйелдің де АДАМ деген статусы бар екенін, оның ана екенін, ұрпақ жалғайтын, ұрпақ тәрбиелейтін маңызды тұлға екенін ұмытудан туады мұның бәрі. Әйелді өзінің биологиялық қажеттіліктерін өтейтін объект деп қарайтын еркек қана әйелге әлгіндей зұлымдық жасайды.