close
blog images

Жойылып кеткен қауымдар

( 0 )
?Құдайдың қаһарына ұшырап, жаппай жойылып кеткен қауымдардың болғаны Құранда айтылады. Бұлардың басында топан судың астында қалған Нұх пайғамбардың қауымы бар. Бұған қоса Ад, Самуд қауымдары және Лұт қауымы.

?Бұл қауымдардың жойылып кетуіне не себеп болды?
Әдетте біз олар Құдайға сенбеді немесе құлшылық жасамады, содан олар қаһарға ұшырады деп ойлаймыз. Біздіңше бұл өте келте ой. Өзіне құлшылық етпегені үшін қырып-жояды десек, біз Құдай тағаланы агрессивті, қатал деп айыптаған болар едік. Құдайға деген осындай танымның нәтижесінде, намаз оқымағанды кәпірге шығарып, кәпірлерді жою керек деген радикалды пайым туады.

?Негізінде, әлгі жойылып кеткен қауымдар зұлымдығы шектен шыққандығы үшін сондай жағдайға ұшыраған. Мәселен, Самуд қауымының ұлықтары жалпы халыққа тиесілі жерге сарайлар салып, соны өз жеке бас пайдаларына жұмсаған. Күштілері әлсіздерді қанаған, жетім-жесірдің, қаріп-қасірдің ақысын жеген. Ортақ мүлікке (бюджет) күштілер қаймықпай қол сұққан.

?Пайғамбарымыздың саллаллаһу аләйһи уә сәлләм мына бір хадисін еске алайықшы: "Сендерден бұрынғы қауымдардың құрып кетуіне мына нәрсенің кең тарауы себеп болған: әлсіз адам қоғамдық тәртіпті бұзса, мейлінше ауыр жаза алатын. Ал қоғамға беделді тұлғалар қылмыс жасаса, олар жазасыз қалатын. Осы нәрсе олардың түбіне жетті».

?Құрандағы жойылып кеткен қауымдардың қиссасы кәдімгі тарихта болған оқиғалар. Мәселен, Самуд қауымы жайлы ескі Мысыр деректерінде, Аристотель, Птоломей секілді грек ойшылдарының еңбектерінде кездеседі.

?Десе де, бұл қиссалардың символикалық та мағынасы бар. Мәселен, әлгі қауымдардың қателігін қайталап, әділдіктен тайған, жетім-жесірдің ақысын жеп, зұлымдығы шектен шыққан қоғамдар өзінен-өзі іштен шіріп, жойылуға бет алады. Әдетте мұндай қоғамдарда адам құны адам айтқысыз төмендеп кетеді. Әйгілі неміс драматургы Бартольд Брехттің мына сөзі ой саларлық: "Нан арзан, Адам өмірі қымбат болсын. Сенен бұдан басқа еш нәрсе тілемеймін, Өмір".