close
blog images

ЖАНСЫЗДЫҢ ДА ЖАДЫ БАР

( 0 )
?Мұсылмандық дүниетаным бойынша жансыз заттардың да жады бар. Пайғамбарымыздың «Ухуд тауы бізді жақсы көреді, біз де оны жақсы көреміз» дегені бар. Яғни, біздің игі істерімізге Ухуд тауы куә дегені. Біз неліктен мешітте намазды әртүрлі жерде оқимыз? Оқыған намазымызға сол жер куә болсын дейміз. Алла елшісі тауға шыққанда екі рәкат намаз оқитын.

?Құранда күнге ант етіледі, айға ант етіледі, түнге, күндізге, сәске мезгіліне, екінті уақытына ант етіледі. Барлығы да куә болсын дегені. Былайша айтқанда адам баласының іс-әрекетіне барлық нәрсе куә. Ол ешнәрсені жасыра алмайды.

?Адам баласы қияметте сұрақ-жауапқа тартылып жатқанда ақталып әлек болады деседі. Өзіне тиесілі міндеттерін неге атқармағанына қырық сылтау, жақсылық жасауға мүмкіндігі бола тұра жасамағанына мың бір уәж айтып тән алмайды. Сонда адамның ағзаларына тіл бітетіндігі айтылады. Қолы қандай қылмыс жасағанын, кімнің ақысын жегенін, аузы кімді тілдегенін, аяғы қандай жаман іске барғанын баяндайды. Сонда әлгі адам ашуға мініп, «әй, құрып кеткірлер! Мен сендерді тозаққа жанбасын деп ақталып жатсам, сендер бәрін жайып салдыңдар. Бұларың қалай?!» дейді екен. Сонда ағзалары «Біз өзіміз сөйлеп жатқан жоқпыз. Барлық нәрсеге тіл бітірген Жаратушы бізге де тіл бітірді» деп жауап береді.

?«Зілзала» сүресінде қиямет күні жер ішіндегін шығарады делінеді. Демек жер бетінде қандай оқиға, нендей іс-әрекет жасалса, не сөз сөйленді, қандай ниеттердің соңында әрекеттер жүзеге асты, міне, соның бәрін жер баяндайды. Сондықтан жасырып қалдым, білдірмей жібердім деп өзімізді өзіміз алдамайық. Айналамыздағы жанды-жансыз барлық дүние біздің істерімізге куә.