close
blog images

Ширк – ең ұлы зұлымдық!

( 5 )
?Әйгілі Лұқпан хакімнің ұлына айтқан көп насихатының бірі мынау: «Әй, балақай! Құдайға серік қоспа! Негізінде бұл – зұлымдықтың/қиянаттың ең үлкені» (31:13).

?Өте қызық. Неліктен зұлымдықтың ең үлкені? Пенденің серік қосқанынан Құдай тағалаға не зиян? Бұл кімге қиянат?  Құдай тағала ширктен не зиян көреді? Қалайша, кімге бағытталған зұлымдық бұл? Жоғарыдағы аятты оқығанда осындай сұрақтар туады.

?Біз ешнәрсе Алла тағалаға зәредей зиян, титімдей пайда тигізе алмайтынын білеміз. Себебі Құдай – абсолютті құдірет иесі. Демек, бұл адамның өзі үшін үлкен зұлымдық. Табынуға лайықты емес әр нәрсеге табыну адамның ерік-қалауына, бостандығына шектеу болады. Әр нәрседен құдай жасап алған адам жауапкершілікті де әр нәрсеге аудара салатын «кеселге» ұшырайды. Тіпті бір Аллаға сыйынып жүрген кей мұсылмандар да өзінің жауапсыздығы мен жалқаулығын «ИншаАлла» (Алла бұйыртса) деген шаблонмен ақтап алып жүргенін көз көріп жүр. Ширктің себебінен адамның жауапкершілік сезімі нығаюдың орнына керісінше әлсірей береді.

?Құдайдың адам баласына берген айрықша үш нығметі бар: ақыл, ерік-қалау және ождан. Адам осы үшеуімен адам. Осы үшеуі пассив тартса адамдықтан аттай бастайды. Осы үшеуі актив тартса адам нағыз АДАМ. Ширк – адамның еркіне тұсау. Ширк адамның бостандығын, еркіндігін әлсіретеді. Оның ар жағында адамнан жауапкершілікті алып тастайды. Неге? Себебі, кейде адам пәленше маған шапағат етеді деп арқаны кеңге салады. Неге бұлай өмір сүрдің десе, пәленше осылай жасады, содан үлгі алдым дейді.

?Ширк жасаған адам ақылын қолданудан қала бастайды. Кез келген мүшрік өзінен дәрежесі жоғары адамды пұтқа айналдырып, оны перғауын тұта бастайды немесе өзіне әлдекімдерді құл етуге емеурін танытып тұрады. Әрбір мүшрік не құл болады, не өзіне әлдекімдерді құл етеді.