close
blog images

Өміршең өсиеттер

( 5 )
«Ғалымның хаты өлмейді, ұстаның заты өлмейді», – деген халық тәмсілі бар. Жалпы адам жаны мәңгілікке құштар келеді ғой. Сол себепті кей кезде ішіміздегі алапат оттай осы сезімді дұрыс бағыттай алмаған көптеген рухтар адасып немесе тар қапасқа қамалып қалып жатады. Бәз біреулер өлместің дәрісін іздеп бағып, кейбір бейбақтар қолындағы билік пен байлық соған жеткізеді деп өзін-өзі алдап жүргенде өмірі түгесіледі.

Хадисте: «Мына үш түрлі адамның амал дәптері жабылмайды: ілім қалдырған ғалым, ізгі ұрпақ тәрбиелеп қалдырған ата-ана және жәрия садақа жасаған ауқатты адам», – делінеді. Хадисте айтылған үш нәрсенің ерекшеліктеріне көз жүгіртер болсақ, олардың өмірі физиологиялық ғұмырмен шектелмейтінін байқауға болады.

Солардың бірі артына өлмес ғылыми мұра қалдырған ойшыл әл-Фараби. Оның өмірі жайында сыр шерткен ғалымдар артында 150-ге жуық еңбек қалдырған деседі. Алайда ғасырлар дүрбелеңінен өтіп, бүгінге жеткен және ғылыми айналымда жүрген еңбектерінің саны елуге жуық. Өткен жазбаларымыздың бірінде айтылған «Саясат туралы трактат» атты еңбегінде тұлғаның саяси тұлғалармен, қоғамның түрлі санатындағы адамдармен қарым-қатынас туралы және адамның өз-өзін қалай ұстау керек екені жайлы ой толғауларын кездестіруге болады. Кітабының соңында бұрынғылардан қалған өсиеттерді де келтіріп еңбегін тәмамдаған. Төмендегі насихаттар сол көне дәуірлерден жалғасып келіп әл-Фарабидің қаламы арқылы бізге мұра болып қалған сөздерден үзінді.

Платон: «Жасауға болмайтын нəрсеге ешқашан құмартпа».

Жақсылығыңды көрген адамнан қарымта күтпе [көрсеткен жақсылығыңның өтеуін де күтпе].

– Əр адамның қолынан келетін [шамасы келетін] нəрсе не?
– Адамдарға жақсылық жасау.

– Қызғаныш тудырмайтын жақсы нəрсе не? Ешкім қабыл етпейтін жаман нəрсе не?
– Қызғаныш тудырмайтын жақсы нəрсе – кішпейілділік. Тəкəппарлық болса əркім жақтырмайтын айыпты нəрсе.

Əдеп байдың байлығын əшекейлейді, кедейдің кедейлігін бүркемелейді.

Үш нəрседен аулақ болған кісі мына үш нəрсеге ие болады: ашкөздіктен аулақ болса ұлылыққа, сараңдықтан аулақ болса құрметке, тəкəппарлықтан аулақ болса бекзаттыққа ие болады.

Жақсылық жасау мына үш нəрсесіз толық болмайды: жақсылық жасауға асығу, көп жасаса да аз деп санау, жасағаны үшін алғыс күтпеу.

Кітабының соңын ғұлама мына жолдармен аяқтаған:

Бұл негіздер мен заңдарды кісі өмір-тіршілігінде қолданып, іс-əрекеттерін, уəждерін осылармен өлшеп, хал-жағдайларын осы нəрселерге қарай бет түзеткенде күндері жарқын болып, көптеген бəле-жаладан аман болып, зор бақытқа кенеледі. Бұл сөз осы еңбегіміздің қорытындысы болмақ.

Əлемнің Раббысы Аллаға шүкір етушілермен бірге шүкір етемін, Оның елшісі Мұхаммедке жəне игі жақсыларға салауат айтамын!

Шейх Əбу Насырдың өсиеттері аяқталды,
Аллаға мадақ!
Алла Тағаланың көмегімен жəне тауфиқ етуімен тəмам болды.
Ұлық Рамазан айының он бесінші жұлдызы, 879 һижри.