Шынайы бол!
( 4.69 )
Шыншылдық — пайғамбарлардың басты бес сипатының бірі, тіпті соның алғашқысы. Алла Тағала Мұса және Ыбырайым пайғамбарлар турасында айтқанда «Расында ол өте турашыл жан әрі хақ пайғамбар еді» (19:41/56), ал Смайыл пайғамбар
турасында «Шын мәнінде ол уәдеге берік жан әрі хақ пайғамбар еді» (19:54) деп сипаттайды.
⠀
Расында да олардың өмір салтынан, көзқарастарынан, мінез-құлқынан немесе сөздерінен бірде-бір қарама-қайшылықты көрмейсіз. Себебі, иләһи миссияны тиісінше жүзеге асыру үшін бұл сипат оларға ауадай қажет еді. Олар іс-әрекетте, мінез-құлықта және әрбір айтқан сөзінде шыншыл болуы тиіс болды.
⠀
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық келгенге дейінгі кезеңде ел-жұрт «әл-Әмин» деп атап кеткен. Бұл лақап өте сенімді деген мағынаны береді. Тіпті пайғамбарлық келгеннен кейін де дұшпандары оның шыншыл екенін мойындайтын. Себебі олар ешқашан Оның ұсақ-түйек мәселеде де өтірік айтқанын көрмеген.
⠀
Олардың пайғамбармен жауласуының басты себептерінің бірі мыналар:
⠀
Біз секілді Меккенің көсемдері тұрғанда Әбдімүтәліптің жетімі қалай өзін пайғамбар санайды деп тәкаппарланды.
⠀
Пайғамбарлық келгеннен кейін пайғамбарымыз оларға әлсіздерді қанамаңдар, адамдардың бәрін тең тұтыңдар. Біреу біреуден байлығымен артық бола алмайды, тақуалығымен, адамгершілігімен артық болады. Харам жолдан келіп жатқан кірістеріңді тоқтатыңдар. Кісі ақысын жемеңдер т.б. секілді нақты талаптарды қойды. Бұл оларға өте ауыр тиді.
⠀
Бұлар қанша тәкаппарланса да, пайғамбарымыздың артынан қандай әңгіме айтса да, ар жағымен оны мойындайтын. Жүректерінің түкпірінде оған деген құрметтері бар болатын. Міне, шынайылық деген осындай нәрсе. Шынайылық адамды кісіге жұғымды етеді. Шынайылық шынайы құрмет туғызады. Шынайылық адамға жүрек тыныштығын сыйлайды. Шынайылық кісіні түбі жақсылыққа жеткізеді. Сондықтан шамаң келгенше, шынайы бол!
⠀
Мәулананың «Қалай болсаң, солай көрін. Қалай көрінсең солай бол!» деген сөзін өмірлік ұран етіп алған адам шынайылыққа батыл қадам жасаған болады.