close
blog images

«МУҚАТТАҒА» ӘРІПТЕРІ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

( 0 )
? Құрандағы кейбір сүрелердің басында бірігіп жазылса да бөлек оқылатын әріптерді байқаймыз. Бұл әріптер «муқаттаға әріптері» деп аталады. Яғни бір-бірінен бөлінген деген мағынада. ⠀ ? Мысалы: «Бақара» сүресінің бірінші аяты «الم» «Әлиф, Ләм, Мим» «муқаттаға» әріптерінен тұрады. Бұл тектес әріптер «Бақара» сүресінен басқа жиырма сегіз сүреде бар.

Алайда бұл әріптердің мағынасы жайында Ислам ғұламаларының арасында әртүрлі көзқарас бар. Оларды негізгі екі топқа бөліп қарастыруға болады.

? Бірінші көзқарастағылар: Бұл әріптер Құрандағы «мутәшәәбиһ» (мағынасы Аллаға ғана мәлім) аяттар қатарына жатады. Бұлар – Құранның сыры деседі.
Екінші көзқарастағылар: бұл әріптер «мутәшәәбиһ» (мағынасы Аллаға ғана мәлім) аяттарға жатпайды. Олар аталмыш әріптердің өзіндік мағыналары бар екенін алға тартады. Ол жайында әрқилы жорамалдар бар. Солардың кейбіріне тоқталайық:

? 1. Бұл әріптер – сүре атауы.
Бұл әлсіз тұжырым. Себебі кейбір сүрелердің басында бірдей «муқаттаға» әріптері келген. Мысалы: («Бақара» сүресі мен «Рум» сүрелерінің екеуі де "الم" муқаттаға әріптерімен басталады. Ал, бірнеше сүре атауының бірдей болуы мүмкін емес.

? 2. Бұл әріптер бір сүренің аяқталып, екіншісінің басталғанын білдіреді.
Бұл тұжырым да әлсіз. Себебі: олай болатын болса бұл «муқаттаға» әріптері әрбір сүренің басында келуі керек еді.

? 3. Бұл әріптердің бірі Алла Тағаланың есімдерін, тағы бірі сипаттарын білдіруі мүмкін. Мысалы: «الم» «أَنَا اللهُ أَعْلَمُ»(Мен – шексіз білім иесі Алламын) Бұл көзқарастың да негізі әлсіз.

? 4. Бұл әріптердің кейбір сүренің басында келуінде мүшріктердің назарына мынадай ишарат бар: Әй, адамдар! Бұл Құран өздерің жақсы білетін кәдімгі араб әріптерінен тұрады. Шамаларың келсе Құран секілді кітап не бір сүре келтіріңдер. Олай жасай алмасаңдар Құран ақиқатын мойындап, бас иіңдер.

? Бұл әріптердің тағы бір қызметі: оларды сөз басында естігенде араб тілінің қыр-сырына қанық мүшріктер елең ете қалады. Себебі олардың Құранға дейінгі стилистикаларында мұндай әдіс кездеспеген еді. Соның арқасында ол әріптерден кейін келетін Құран аяттарына назар аударып, һидаятқа келулері ықтимал еді.

Соңғы көзқарас дұрысырақ. Десе де бұл әріптердің мағынасы турасында Пайғамбарымыздан (с.а.у) жеткен ешқандай дерек жоқ. Сол себепті соңғы көзқарас анағұрлым қисын мен ақылға қонымды болғанымен, мағынасы дәл осыны меңзейді деп кесіп айту қиын.