close
blog images

МҮМІНДЕРДІҢ ҚҰРАНДАҒЫ СИПАТЫ

( 0 )
?«(Олар) намаздарын кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын және зекетті толық беретін мүміндер» (5/55). ⠀ ?Құран Кәрімде Аллаға шынайы иман келтірген мүмін құлдардың бірқатар ізгі сипаттары баяндалған. Сондай сипаттардың бірі – мүміндердің намаз оқып, зекет беретіндігі. Бір қызығы Құранды оқып отырсаңыз, дәл осындай аяттар көп кездеседі. Яғни, намаз бен зекет қосақтала қатар айтылады. Мұның хикметі неде?

?Асылында намаз – адамның жеке басының құлшылығы. Сіз намаз оқу арқылы бұл дүниеде өзіңізді рухани кемелдендіріп, қым-қуыт тіршіліктен бір сәт болса да алыстап, маңдайыңызды сәждеге қою арқылы Раббыңызбен рухани байланысқа түсесіз. Сондай-ақ ертеңгі күні Алланың құзырына барғанда намаз себепті есеп беруіңіз де жеңіл өтеді.

?Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні адамнан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса одан кейінгі есебі жеңіл болады», – деген. Бір сөзбен айтқанда – намаз оқу арқылы сіз дүниедегі және ақыреттегі жеке басыңыздың проблемасын белгілі дәрежеде шешесіз. Алайда намаз оқу арқылы сіз өзгеге пайда келтіре алмайсыз.

?Түсініктірек болу үшін мысал келтірейік. Мәселен, сіз мешітте жүз бас намаз оқығалы тұрсыз. Ал жаныңызда екі күннен бері нәр татпаған адам отыр. Бірақ бұдан сіздің хабарыңыз жоқ. Сіз ол жерде жүз бас немесе одан да көп намаз оқысаңыз да әлгі адамның аштығын баса алмайтыныңыз белгілі. Сіздің жүз бас намазыңыздан ол кісіге келіп-кетер пайда жоқ. Ал өзіңізге рухани пайда келтіре алатыныңыз сөзсіз әрине.

?Ал зекетке келер болсақ, зекет – байлардың нисап мөлшеріне жеткен байлығының бір бөлігін кедей-кепшіктерге үлестіріп беруі. Бұл да Алла тарапынан арнайы парыз етілген құлшылық. Яғни, зекет беруші адам өзіне парыз етілген құлшылықты орындаумен қатар, өзгеге де пайдасын тигізеді.

?Бір сөзбен айтқанда – зекет беру арқылы адам өзінің ғана проблемасын емес, қоғамның да проблемасын шешуге атсалысады. Мәселен мұқтаж бір жанның жағдайын жасап береді. Алла жолында білім алып жүрген тәлімгердің оқуына жәрдемдеседі

?Демек, Құрандағы мұндай аяттардың астарындағы сыр мен хикметтің бір тамшысы – мүмін адам өзінің қара басын ғана емес, өзгелердің де жағдайын ойлауы тиіс. Бұдан мынадай қағида шығады: «Өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де өмір сүруді үйрен!»

?Ақиқатында мүміннің ой-санасы мен өмірлік принципі осы қағидаға негізделуі тиіс. Өйткені өмірі бітпейтін ауыл тіршілігі секілді адамның жеке басының мәселесі де таусылмақ емес. Неге? Өйткені бұған оның нәпсісі жол бермейді. Өзіндік қалауларын арттыра береді.

?Адам қашан қара басын ғана күйттеуді доғарып, нәпсі қалауларын тежеп, өзгелер үшін де өмір сүре алу сатысына жоғарылайтын болса – ең жақсы адам категориясына көтеріледі. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны», – деген.

?Сондай-ақ мұндай адам уақыт өте келе тұлға боп қалыптасады. Мұның дәлелі – тарихтағы кез келген ұлы тұлғаның өміріне көз жүгіртсеңіз, өмірін осы қағидаға негіздегенін көресіз.

?Бұл сіз бен біздің де қолымыздан келетін дүние. Тек сәттілігі мен берекетін тілей отырып, харекет қылмақ керек.