?Ой жалған-ай!
Тұрлаусыз дүние!
Зымырап өтіп бара жатқан өмір!
Кенет, қасымнан біреудің жарқ еткен үні естілді. Маған:
– Сонша неге көңілсізсің! Сонша мұңаятындай не көрінді! Көтер басыңды! Аллаға құл болған адам мұңайсын ба?! Раббымыз – Алла ғой! – деді.
⠀
?Бұрылып қарағанымда, үстіндегі киімі қырық жамау, бірақ мұнтаздай тап-таза киінген дәруішті көрдім. Жүзінен тамған нұр айналаны жап-жарық қылып жібергендей. Маған қарап біраз жымиып тұрды да, өз жөнімен кете барды. Айтқан сөзі ықыласпен шыққаны соншалық, жүрегімнің сезім пернелерін қозғап өтті. Іштей өзіме:
⠀
?«Расымен де Алласына иман келтірген адам несіне мұңаяды. Алла Тағала жәрдем беріп қолдауымен, мейірімін төгуімен үнемі Өзіне иман келтірген пендесімен бірге емес пе?! Алласына иман келтірген адам ешқашан жетім болмайды. Өмірдегі нағыз жетім ол – Алласына иман келтірмеген, Жаратушысын танымаған адам! Ендеше иманды жан үшін мұңаюға орын жоқ!» – дедім, іштей күбірлеп.
⠀
?Ғалымдардан қалған мынадай жақсы сөз бар:
Егер қолдаушың Алла болса, саған кім қарсы тұра алады!
Ал егер Алла саған қарсы болса, кімнен қолдау таппақсың!
Расымен де, адамды өмір сынақтарына қарсы сынып қалудан сақтайтын ең негізгі күш ол – Аллаға деген иман.
⠀
?Иманға толы жүрек ешқашан сөнбейді. Тоқтаусыз лүпілдеген қалпы адамға екі дүние бақытына жетуге көмектеседі.
Құранда да Алла Тағала:
«Ол күні Аллаға пәк һәм (рухани) кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)», – деп баяндайды.
?Ендеше жүрегімізді дүниенің алдамшы қызығы мен күнәнің батпағына малынудан барынша сақтауға ыждаһат танытсақ игі. «Алла Тағалам! Тура жолға салғаннан кейін бізді адастыра көрме?!», – деген дұғаны өмірлік серігімізге айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Алла баршамызды Өзінің сүйікті пенделерінен етсін!
© Ілім дариясы