close
blog images

Қасиетті дүниелер

( 5 )
?Құрандағы әр сүренің нақты бір көтерген мәселесі бар. Мәселен, «Піл» сүресінде қасиетті нәрсеге шабуыл жасау абырой әпермейтін іс екендігі айтылады. Оқиға былай басталған:

?Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу аләйһи уә сәлләм дүниеге келудің аз алдында «Піл оқиғасы» деген атпен тарихта қалған бір оқиға болады. Ол кезеңде Мекке тоғыз жолдың торабы, сол аймақтағы керуен атаулы соқпай өтпейтін маңызды сауда орталығы болатын. Былайша айтқанда ол жерде үлкен ақша айналымы бар еді. Бұған көршілес Иемен елінің басшысы Әбраһа есімді қолбасшы көз алартады. Меккедегі қызып тұрған сауда айналымын Иемен тарапына бұруды көксейді. Адамдардың Меккеге шоғырлануына басты себеп ретінде Қағба деп білгеннен кейін, ол Иеменнен Қағбаға алтернатив ретінде құлшылық орнын салуды ойлайды.

?Сөйтіп Иеменнен алтынмен аптап, күміспен күптеп зәулім шіркеу тұрғызады. Қазіргі тілмен айтқанда жарнамасын асырып, ел-жұртты сонда шақырады. Бірақ ол жерге ешкім топтаса қоймайды. Содан күндердің күнінде меккелік екі адам Иеменге барып, әлгі шіркеудің ішін ластап, мазақтап кетеді. Содан сыныққа сылтау деген, өзі ұрынарға қара таппай отырған Әбраһа үлкен тәуекелге барып, шамасы келмейтін бір істі атқаруға бекінеді. Қағбаны құлатам деп шешеді. Әскерін пілдермен жасақтайды. Сөйтіп Мекке тарапты бетке алып жолға шығады.

?Меккеге таяп қалғанда оларға әлдебір тараптан «әбәбил» есімді құстар топ-топ боп келіп, піскен топырақты (қыш іспетті) жаудырады. Олардың тәні құрт жеп шұрық тесік болған егін жапырақтары секілді күй кешеді. Ақырында Әбраһа да, әскері де түгел қырылып, жермен-жексен болады. Осындайда мына аят еріксіз еске түседі: «Раббыңның әскерлерін Өзінен басқа ешкім білмейді» (74:31)

?Құран бізге бұл оқиғадан мынадай сабақ алуға шақырады. Қасиетті нәрсеге зиян келтірме! Қасиетті нәрсеге балалар, әйелдер, кәрілер, құлшылық орындары жатады. Кімде-кім осы нәрселерге зұлымдық ететін болса, түбі жақсы болмайды. Құдайдың қаһарына ұшырайды.

?Бұл оқиға әр ғасырдың әбраһаларына ғибрат. Піліне сенген, танкісіне сенген, әртүрлі қуатты қаруларына сенген әбраһаларға «Күллі аспан мен жердегі әскерлер Алланыкі» (48:7) екенін ұмытпа дейді. «Піл» сүресі былай деп үн қатады: «Қасиетті нәрседен қолыңды тарт, уа, әбраһалар!»