Әрине, дүниеге өз дәрежесінде, ақыретке өз деңгейінде маңыз беру керек. Дегенмен маңыздысы ақырет, дүние бес күндік деп ақырет мәселесіне шамадан тыс акцент қоя беру, дүниені орынды-орынсыз мансұқтау нәтижесінде мұсылмандар бейсаналы түрде дүние тіршілігіне салғырт қарай бастағандай. Негізінде Ислам адамды осы дүниеде де бақытты етуі, осы өмірін де реттеуге септесуі керек еді. Себебі осы өмірін реттей алмаған адам ақыретін бүтіндей алады деу күмәнді.
⠀
?Осы өміріңе салғырт қарау деген өзіңе қатысты кез келген жауапкершілікті толықтай ысырып тастау деген сөз ғой. Жасауың керек істің есебі сұралғанда қырық сылтауың дайын тұрса, адам ретінде құның төмен. Ал жауапсыздық жайлаған қоғамның түбі не болатыны айтпаса да түсінікті.
⠀
?Пайғамбарымыздың мынадай керемет хадисі бар:
إِنَّ اللهَ كَتَبَ الْإِحْسَانَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ
«Алла тағала әрбір істі шыңына жеткізіп, көркем атқаруды бұйырды». Хадистің жалғасында «Қылмыскерді жазалағанда жазаны артық беріп оны қорламаңдар. Шектен шықпай, ынсапты болыңдар. Мал сойсаңдар көркем түрде сойыңдар. Пышақты жануардың көзінше қайрап, оны үркітпеңдер. Өтпейтін пышақпен сойып жанын қинамаңдар» делінеді.
⠀
?Бұдан біз не жасасақ та, қандай шаруаны қолға алсақ та оны асқан жауапкершілікпен кәсіби деңгейде жасауымыз керектігін ұғамыз. Мемлекеттің немесе фирманың мүлкі ғой деп салғырттық танытпай, жұмыс орнындағы заттарды өз мүлкіңдей көру, айналаңдағы жанды-жансыз кез келген дүниеге жауапкершілікпен қарау, міне, осы – Құдай сүйетін іс. Ақыреттен үміті бар мұсылман әдетте «Жаратушыға қалай жағамын?» «Қандай ісіммен ізгі жандардың сапынан табылам?» деп бас қатырады.
?Мұны көп құлшылық жасау, үздіксіз садақа беру деп ойлаймыз. Негізі адам бойында әлгіндей қарапайым істерде жауапкершілік іске қосылмаса, көп құлшылықтан пайда аз. Шынайы мұсылманшылыққа қол жеткізу үшін адам АДАМДЫҚтың сынынан өтуі керек. Пайғамбар алейһиссалам пайғамбар болмай тұрып әуелі ЖАҚСЫ АДАМ болған. Кейде біз дін талаптарын атқарамыз деп жүріп қарапайым адамдық принциптерден аттап кетіп жатамыз.