close
blog images

ҚАТЕ ПАЙЫМ

( 0 )
?Алла тағала шайтаннан «Адамға сәжде ет» деген бұйрығымды орындауыңа не кедергі болды деп сұрайды. Сонда Ібіліс: «Мен одан артықпын» деп жауап береді. Сосын осы сөзін дәйектеу үшін мына аргументті көлденең тартады: «(Себебі) Мені оттан, ал адамды топырақтан жараттың» дейді.

?Ібілістің осы жауабына мұқият зер салсақ, біраз дүниенің беті ашыла түседі.
Біріншіден, Шайтан «от топырақтан артық» деп өзінше қорытынды жасап отыр. Бұл екі нәрсені салыстыру түбірімен қате. Топырақ пен құмды салыстыруға болатын шығар. Себебі екеуі де жер жынысы. Біріне өсімдік жақсырақ өседі дегендей. Ал топырақ пен отты салыстыру қисынсыз. Оттың өзіне тән, топырақтың өзіне тән функциясы бар, табиғатта орны бар. Алла тағала шайтанға топырақтан от артық деп айтпаған. Сондықтан бұл Ібілістің өзінше жасаған тұжырымы.

?Екіншіден, шайтан өзіндегі ресурспен өзгелерден артық екенін алға тартып мақтанып отыр. Бұл таза материалистік сананың жемісі. Дүние тұрғысынан өзгеден озам деп тыраштану – әурешілік. Адам дүние тұрғысынан біреуден артылса, оны басып озатын адам міндетті түрде шығады. Мұның соңы жоқ. Сондықтан негізгі басымдықты Абай айтқандай ақыл, ғылым, әр, мінез деген дүниелерге беру керек.