close
blog images

Материя мен рух

( 0 )
?Құран сүрелері меккелік және мәдиналық деп бөлінеді. Яғни, Меккеде түскен сүрелер және Мәдинада түскен сүрелер. Меккелік сүрелердің өзіндік ерекшеліктері, мәдиналық сүрелердің өзіне тән ерекшелігі бар. Мәселен, қасаммен яғни, антпен басталатын сүрелердің бәрі меккелік. Мұның сырын тәпсіршілер былай деп түсіндіреді.

?Исламға дейінгі араб қоғамы, әсіресе Мекке халқы әбден материалистік санаға бейімделген. «Иманы көзіне түсіп кеткен» деген жақсы сөз бар. Көзімен көрген нәрсені ғана бар деп сенеді, көзбен көрмейтін дүниесіне сенбейді. Дүниесі барды бағалайды, дүниесі жоқты адам қатарына қоспайды. Былайша айтқанда материя алға шыққан. Материалистік сана басым қоғамда адамдар адамға сырттай баға бергенде «оның ақшасы бар ма, жоқ па?» «мына адам қаншалықты сый-құрметке лайық, оның қанша ақшасы бар?» деген сұрақтар санасында жаңғырып тұрады. Олар үшін көп ақшасы жоқ адам бақытсыз адам, өмірде жолы болмаған адам. Америкалықтарда халық арасында кең тараған «Ақылды болсаң неге әлі бай емессің?» деген сөз бар. Міне, бұл материалистік сананың жемісі.

?Мұның түп-төркіні сонау Ібілістен келеді. Ібіліске «Неге Адамға сәжде етпедің?» деп сұрағанда, ол «Мен одан артықпын» деп жауап қатты. Содан кейін не үшін мұндай ойға барғанын түсіндірі, былай деп аргумент келтірді: «Мені оттан жараттың, оны топырақтан жараттың». Міне, материалистік сана осы жерден басталған. Өзіндегі ресурспен мақтану арқылы өзгеден артық екендігін дәлелдеп бағу.

?Енді неліктен меккелік сүрелердің бірқатары (16 сүре) антпен басталды деген сұраққа келейік. Әбден материяға маталған меккеліктердің санасын руханиятқа бұру, рухани дүниелерге назар аударту үшін деп тәпсірлейді ғалымдар. Адамға дүние қажет. Бірақ руханият одан да қатты қажет. Адамның бақытты болуы үшін дүниенің белгілі бір рөлі бар. Бірақ тек дүниемен адам бақытты бола алған емес. Руханият әрдайым материяның алдында тұруы тиіс. Адам тәнімен емес, рухымен адам. Мұны ұлы Абай былай деп түйеді:

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән?!
Тереңге бет қоймаса.