close
blog images

Мінез – көңіл айнасы

( 4.3 )
?Қазақ сөзінде тұрмаған, аманатқа қиянат жасаған адамға «ит екенсің» деп налиды. Қасиетті Құран мен пайғамбар хадистерінде де адам баласының жасаған істеріне қарап оны әрқандай жануарға теңеп жатады. Өйткені хайуанда адам секілді барлық мінез бен қасиеттің жиынтығы жоқ.

?Қойдың жуастығы бірден көзге ұратыны секілді, әрбір хайуанның өз табиғатына сай мінездері бар. Адам баласының бойындағы қандайда бір кемістіктерді жануарға теңеу арқылы көрсетеді.

?Мысалы, Құран кәрімде ақиқатқа сенбейтін, мәселені қай тұсынан болсын дәлелдеп бергеннің өзінде қабылдамай қасарысатын адамдарды итке теңейді. Яғни, адамның дәл осындай кездерін иттің тілін салақтатып ентігуіне ұқсату бар.

?Бұл жерде иттің тек әрекеті емес, жалпы табиғаты мен оның жаратылыстағы орнына да ұқсату бар. Яғни, ол адамның сыртқы бейнесі адам болғанымен, айналасына жасайтыны иттік екендігін аңғартады. Ит қалай алдына сүйек тастаған иесінің көзін бағатын болса, бұл адам да жағдайын жасаған, өзіне пайдасы тиген адамдардың ғана қабағын бағады. Үйден иттің иесі шыға келген сәтте ит жатқан жерінен тұрып, айналасына көз салып, керек болса «әу» деп қойғаны секілді, ит мінезді адамдар да адамдардың алдында өзінің бар екенін және қандайда бір істерді істеп жатқанын көрсетіп қояды. Қысқаша айтқанда адамдардың көзін бағып өтеді. Әрине өзіне материалдық тұрғыда пайдасы бар адамдардың.

?Екінші бір аятта білгенімен амал етпеген адамды үстіне кітап артқан есекке балайды. Бұл жерде де амал етілмеген білімнің адам баласына ауыр жүк болатындығы айтылған. Қаншалықты құнды, керемет ақиқаттарды білгенімен онымен амал етілмеген жағдайда ол адамның адамдық дәрежесіне ешбір пайдасының тимейтіндігі.

?Өйткені есектің үстіне қаншалықты бағалы бұйымдар жүктелгенімен, ол нәрсе оның дәрежесін ешқашан жабағы аттың дәрежесіне көтермейді. Керісінше ілім, білім және ғылым адамға берілген бойда ол адамның дәрежесіне әсер етуі керек. Өйткені білген мен білмегеннің дәрежесі еш уақытта бірдей болмайды.