close
blog images

Шын дұшпанды танып ал!

( 3.43 )
?Соңғы ғасырларда неліктен мұсылмандар ішкі алауыздықтан арыла алмай келеді?! Өзінің діндес бауырын дұшпан секілді көретіндер бар. Олар мұны дұшпан таппағаннан емес, нағыз дұшпанның кім екенін білмегендіктен, шын дұшпанды танымағаннан жасайды. Жатса-тұрса соның қандай кемістігі бар, қайтсем қатесін табамын деп өзді-өзімен әлек болып, қаншама энергиясын, уақытын зая етеді. Бұған кеткен есіл уақытты ол игі істер жасауға қолдана алатын еді.

 Мұндайды халық даналығында «Дұшпан көзі төртеу» дейді. Жалпы кісіден қате іздеген адам сөзсіз табады. Себебі кемшіліксіз адам болмайды.


?Мұндай қадамға ақылсыз, надан адам бармаса, ақылы сау, жүрегінде иманы бүтін адам бармаса керек. Егер де қайсыбір мүміннің жақсылығы мен жамандығын салыстырар болсаңыз, жақсылығы мен кісі сүйер қылығы әлдеқайда көп болары күмәнсіз. Енді осыншалықты жақсылығы бола тұра адамның санаулы жамандығын көріп, оны дұшпан санау қаншалықты қисынды? Мұны қай адамдыққа сыйғыза аламыз? Ондай әрекетті ар-ождан ақтамасы, ақыл құптамасы анық.

?Ұлы Жаратушының өзі жақсылығы 51 пайыз, жамандығы 49 пайыз болған пендесін жәннат деген жайына қоймай ма? Сондықтан біз де мұсылман бауырымыздың бойындағы көптеген жақсы қасиеттерге көз жұмып, санаулы ғана қателіктері себепті одан бет бұрмауымыз керек. Біз бұлай жақсылыққа қол жеткізе алмаймыз. Адамның жамандығын ғана көретін адам өзінен көптеген жақсылықтарды кері тебеді, ақиқатты көре алмайтын боп қалады. Бұл шынында да аянышты жағдай.

?Қазақтың:
«Екі жақсы қосылса,
Өлгенінше дос болар,
Екі жаман қосылса,
Өлгенінше қас болар» деген мақалынан біз мына нәрсені анық аңғарамыз. Адамның біріне-бірі қас болуы қарсысындағы адамның мінезінен емес, өзінің бойында жамандықтың көп болуынан.

?Негізінде адамның шын дұшпаны – Ібіліс. Мұны әсте естен шығаруға болмайды. Нағыз дұшпанды дұрыстап танып алмайтын болсақ, біз айналадан дұшпан іздеп кетуіміз мүмкін.