close
blog images

ТРАЙБАЛИЗМ (АСАБИЯТ)

( 0 )
?Ислам ә деп тарих сахнасына шыға бастағанда-ақ жікшілдікпен күресті. Қоғамды бөлшектейтін әрқандай факторлардың алдын алуға тырысты. Сондай факторлардың ең басында тұратын дүниенің бірі – асабият. Яғни, трайбализм. Бұл дерт кез келген нәрседе болуы мүмкін. Кейде ұлтшылдық түрінде, кейде рушылдық, кейде жершілдік түрінде көрініс береді. Тіпті кейде мәзһашылдық, діншілдік түрінде де байқалады. Ең аяғы жеке тұлғада да кездеседі..

?Асабият – өз руыңды өзге рудан жоғары деп санау. Бұл ұғымды «қабилиятшылық» деп те атайды. Бұл «алда болу, басында болу» деген түбірден шығатын сөз. Яғни, кісінің адамдар арасында қалай да үстемдікке жетуге деген талпынысынан шығатын дерт.

?Бұл нәрсеге аят, хадистерде қатаң тыйым салды. Себебі, мұның 3 зияны бар:

1.     Әділдікті жояды. Жікшілдікке бір түскен адам әділдік принципінен тая бастайды.
2.     Адамдағы мейірім, махаббат деген дүниені жояды.
3.     Адамның адамшылығын кемітеді.

?Біз Құранның қоғамға жасаған реформасын бағалау үшін исламға дейінгі араб қоғамының жай-жапсарын тануымыз керек. Исламға дейінгі араб қоғамы жік-жікке бөлініп кеткен, ішкі алауыздығы басым қоғам еді. Бұларға сырттан жау мүлдем болмады деуге болады. Оған себеп жері адам қызығатын жер емес. Ми жазық, сахара шөл, өсімдігі аз, суы тапшы мекен. Олар көбіне өзара ішкі соғыстардан бас көтере алмады. Тілі бір, діні бір, тіпті мәдениеті бір араб ұлты еш біріге алмаған. Содан бері арабтарда әзіл-шыны аралас мынадай сөз қалған. «Мен, інім және немере ағам үшеуміз дұшпанмен соғысамыз. Егер дұшпанды жеңсек, інім екеуміз немере ағаммен соғысамыз. Ал егер де немере ағамды жеңсек, інім екеуміз соғысамыз» деген екен.

?Тарих кітаптарында «Әййамул араб» деген тіркес бар. Тікелей аударсаң «араб күндері» деген мағынаны береді. Негізінде бұл тіркес «араб соғыстары» деген мағынада қолданылады. Демек әдеттегі арабтың күні соғыспен өтеді деген сөз. Араб қоғамында ішкі соғыстың көп болғаны соншалық бұл тақырыпта көптеген кітаптар да жазылған. Соның бірі – Ибн Қутайбаның «Әййамул араб» еңбегі.

?Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм Меккеден Мәдинаға көшкенде меккелік мұсылмандар мен мәдиналықтардың бауырластырды. Тіпті Мәдинадағы түрлі араб тайпаларының да басын біріктірді. Солардың бірі аус пен хазраж тайпалары. Бұл ағайынды екі адамнан тараған екі ру. Араларындағы соғыс пен жанжал бақандай 120 жылға созылған. Бұл соғыстың туындау себебі былай болған. Аустық бір адамның бақшасына хазраж руы адамының түйесі кіріп кетеді. Ашу қысқан бақша иесі түйені өлтіріп тастайды. Сөйтіп түйенің иесі келіп бақша иесін жер жастандырады. Содан жауластық басталады.

?Фижар соғысы деген соғыс бар. Арабтар тайпалар арасындағы ішкі соғыстан шаршап, өзара келісіп, 3, 4 айды харам айлары деп бекітіп, осы айларды ең болмағанда соғыспайық деген келісімге келеді. Бірақ ең қызығы олар өзге айда емес, осы айларда көбірек соғысады. Бұл соғыстың туындау себебі де болмайтын нәрсе. Адамның күлкісі келеді. Бір паң араб көпшілік шоғырланған жерге келіп былай деп жар салады: «Арабтардың ішінде ең құрметтісі менмін. Егер кімде кім өзін менен де құрметтімін деп санаса келсін да, менің мына аяғымды бассын». Содан әр рудың менмін деген жігіттері келіп мұның аяғын басады. Бұл мұны көтере алмайды. Соғыс, жауластық тұтанып шыға келеді.

?Міне, рушылдық, жікшілдік жүрген жерде жауластық жалғаса береді, оның соңы болмайды.  Мұның емі не?

?Құранда «Сендердің Алла алдында құрметтілерің тақуарақ болғандарың» (49:13) делінеді. Хакім Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дейтіні бар еді ғой.