close
blog images

ТАҢҒЫ БЕРЕКЕ

( 3.67 )
⚖️Бірде бір жас жігіт сөз арасында: «Осы береке дейтін нәрсеге өз басым сенбеймін, ол жоқ нәрсе ғой» депті. Сонда мәжілісте отырған Ибраһим ибн Адһам атты ғалым берекенің қандай болатынын, оның не нәрсе екенін әлгі жігітке мынадай мысалмен түсіндіріпті: ⠀ — Ит пен қойға қарашы. Оның қайсысы көп төлдейді? – деп сұрайды ғалым.

— Ит жеті күшікке дейін, тіпті одан да көп табады. Ал қой ары кетсе үш қозыға шейін төлдейді. Көп жағдайда бір ғана қозы туады, — дейді жігіт.

— Олай болса, айналаңа қарашы, екеуінің қайсысы көп?

— Жер бетінде қойдың саны көп қой.

— Бірақ, үнемі сойылып, саны кемітілетін де солар емес пе?

— Иә, солар.

— Міне, «береке» дегеніміз осы, — дейді ғалым — Қой қанша аз төлдесе де, әрдайым сойылып, еті желініп жатса да саны кемімейді. Қайта артып отырады. Ал қойдан екі есе көп күшіктейтін итті ешкім сойып жемесе де оның саны аз.

Жігіт таңырқап, ойға батады. Сосын:

— Расында да солай екен. Сонда мұның себебі не? Неге итте береке жоқ, ал қой берекелі? – деп сұрайды. Сонда Ибраһим ибн Әдһам:

— Өйткені, қой түннің әуелгі уақытында ұйықтап, таң атпай тұрып алады. Осылаша Алланың мейрімі түсетін таңғы уақытқа дөп түсіп, берекеге кенеледі. Ал ит болса, түнімен әупілдеп ұйықтамайды, сосын таң атар шақта барып ұйқыға кетеді. Осылайша Алланың мейірімі түсетін уақыттың шарапатынан мақұрым қалып, Құдай берекесін алып қояды, — деген екен абыз ғұлама.

⚖️Бұл оқиға ойланған жанға көп нәрсені ұқтырары анық. Таңғы уақытты құлшылық-мінәжатпен, ойланумен, өз-өзіңе есеп беріп, өміріңді реттеумен, ақыретіңді бүтіндеумен өткізген жақсы.