close
blog images

ОЙ ШАШЫРАҢҚЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ЖЕҢЕМІЗ?

( 0 )
?Зейінді бір жерге шоғырландыру уақыт өткен сайын қиындап бара жатқаны белгілі. Өйткені біз ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Толассыз ақпараттан көз алып жүру тіпті мүмкін емес. Ақпаратты сіз іздемесеңіз де, ол сізді өзі тауып келеді. Көшедегі түрлі плакаттар мен үлкен экрандардағы жарнамалар көздің жауын алады. Телефонды қолымызға ала қалсақ болды келіп түскен хаттар мен түрлі жарнамаға көміліп қаламыз.

Компьютердің алдына отыра қалсақ та ақпарат ағынынан өзімізді әрең аман алып қаламыз. Әлеуметтік желідегі әңгіме-дүкеннің қызығынан да кейде адам шыға алмай қалады.

?Осылайша адам виртуалды әлемде өте көп уақыты мен энергиясын жоғалтып алады. Онымен қоса басқа жұмыстары да өнімді болмауы мүмкін. Өйткені ойдың шоғырлануына ол іске қатысы жоқ ақпараттың кедергі болары сөзсіз. Көпшілік шағымданып жататын есте сақтау қабілетінің әлсіздігі мен бір іске толық зейін қоя алмаудың негізгі себептерінің бірі – бізге келіп түсетін ақпараттың көптігінде. Адам баласының миы келіп түскеннің бәрін қорытуға тырысады. Оған көп күш жұмсайды. Осыған байланысты кейде аса қажеттісін есте сақтауға, ол жайында ой түюге ақылымыздың мұршасы келмей қалады.

?Келіп түсетін ақпараттан бөлек адам баласының ойын сан тарапқа шашырататын, санасын улайтын жайттар да көп. Олардың қатарына қазіргі таңда кең етек жайған плэйстэйшн, компьютер және телефон ойындарын жатқызуға болады. 90 минут футбол қарап, оның жаңалықтары мен комментарилеріне уақыт өлтіру де ой шашыраңқылығына алып барады.

?Бәрін айт та бірін айт, ой шашыраңқылығына себеп болатын факторлар өте көп. Оған төтеп беру үшін қазіргі уақытта «медитация», «йога» жасау ұсынылуда. Алайда «йога» мен «медитация»-ның діни астары болғандықтан мұсылман адамның оған жүгінбегені жөн.

?Мұсылман адамның қолында бұдан да артық ойды шоғырландатын қос құндылық бар. Олар – дәрет пен намаз. Күніне бес уақыт орындалатын бұл екі ғибадат шашыраған ойды шоғырландыратын мықты дәрумен іспетті.

?Қол-аяқты жуу, ауыз қуысын тазалау бұлардың барлығы адамның тәнін ғана емес, сонымен қатар жанын да, рухын да сергітеді. Намазға тұрғанда бүкіл дүниені бір сәт ысырып, Жаратқанды ұлықтау адам ақылын бірер сәтке тынықтырады. Сондықтан зейінді бір жерге шоғырландырудың жолын алыстан емес, төл дініміздің тағылымдарынан іздегеніміз абзал.