close
blog images

Әулие болу оңай ма?

( 0 )
❄️Әулие – араб тіліндегі «уәли» сөзінің көпше түрі. Қазақ тіліне бұл сөздің жекеше түрі емес, оның көпше түрі енген. Осы әулиелік жөнінде Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың былай дегенін жеткізеді: «Алла тағала былай деді: Кімде-кім менің досыма (уәлиіме) дұшпандық танытатын болса, онда оған қарсы соғыс жариялаймын.

Пендем Маған Мен парыз еткен нәрседен артық бір нәрсемен жақындаған емес. Пендем Маған нәпілдермен жақындаған сайын оны жақсы көремін. Егер оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, сермейтін қолы, жүретін аяғы боламын. Егер менен сұраса, оған міндетті түрде беремін. Егер пана тілесе, міндетті түрде панама аламын».

❄️Бұл – құдси хадис. Құдси хадис дегеніміз «Алла тағала айтты» деп басталатын хадистер.

❄️Хадисте көрсетілген уәли немесе дос сөзі Алла тағаланың сүйікті пендесі деген мағынаны білдіреді. Алланың достарына яғни, әулиелеріне біреу қастық қылатын болса, Құдай табарака уа тағаланың өзі оған соғыс ашатынын айтып отыр.

❄️Ал енді әулиелік дәрежеге қалай жетуге болатынына тоқталсақ.
Хадистің жалғасында Алла тағала осындай әулиелік дәрежеге жетудің жолын баяндалған. Бірінші шарт ол – парыз амалдарды тәрк етпеу. Парыз амалдарды орындамай, әулиелік дәрежеге жету жайында әңгіме қозғаудың өзі әбестік.

❄️Парыз амалдармен қатар нәпілдерді орындаған сайын Аллаға жақындай түсіп, ол дәрежеге жету есігі айқара ашылады.

❄️Ал әулиелік дәрежеге жеткен адамның Алла әрбір ісіне қолдау білдіріп, сұрағанын беріп отырады. Осындай әулиелік дәрежеге жету жолындағы саяхатты мұсылман адам кез келген уақытта бастай алады. Хадиске сүйене отырып әулиелік дәрежеге жетудің формуласы – өте қарапайым екенін байқаймыз.