close
blog images

АДАМНЫҢ ҮШ ЖОЛДАСЫ

( 5 )
♒Адамның көзі тірісінде оны айналшықтап жанынан шықпайтын үш жолдасы болады дейді. Біріншісі – жиған-тергені мен тапқан-таянғаны яғни, мал-мүлкі. Екіншісі – туған-туыс, бала-шаға, жора-жолдасы. Үшіншісі – өмірде жасаған жақсы-жаман істері, амалы.

♒Осы үш достың қайсысы адамға шын дос екені ажал сағаты соққанда айқындалады екен. Адам жан тапсырғанда осы үшеудің біріншісі оны ақтық сапарға шығарып та салмайтын көрінеді. Тіпті сол арада-ақ басқа жолдас тауып, жөніне кете барады екен. Иесін есіне де алмайды.

♒Ал екіншісі әуелгісіне қарағанда тәуірлеу. Әйтеуір ақтық сапарға арулап шығарып салады. Бірақ олардың жасаған бар достығы – анда-санда марқұмды еске алып, дұға бағыштап қою. Бірақ оның да достығы көпке бармай, біршама уақыттан соң мұны ұмыта бастайды. Себебі, тірі адам тіршілігін жасайды. Өлгенмен бірге өлмек жоқ.

♒Ал үшіншісі алғашқы екеуінен әлдеқайда жақынырақ деседі. Тірі кезінде жанынан табылатыны секілді, жан тапсырған соң да одан бір елі ажырамайды. «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген рас. Бұл дос шын жақсы болса, оның тиер шарапаты көл-көсір, ал жаман боп шықса, адамның басына бәле боп жабысады, екі дүниеде оған кесірі тиеді.

♒Сондықтан адам кіммен дос боп жүргеніне бір назар салып, өлмей тұрып шын доспен достығын күшейткені жақсы екен.