close
blog images

ҚАЙЛУЛӘ

( 0 )
✳️Биологиялық уақыт – ол адам баласына берілген жаратылыс заңдылығы. Адам баласы уақытқа бағынуға мәжбүр. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Кез келген іске тиесілі уақытына мән беретін болсақ, ұтымды нәтижелерге қол жеткізуге болады. Оны сақтау жақсы денсаулық кепілі екенін естен шағармаған абзал.

✳️Ал оның сүннет амал екенін ескеріп, арнайы ниетпен орындасақ, дүниелік жақсылықпен қатар ақыреттік сауапқа да ие болады екенбіз. Себебі биологилық уақыттың заңдылықтары сүннетте көптеп кездеседі. Мысалы, құптан намазынан кейін сөйлемеу, таңғы уақытты өнімді пайдалану, түскі уақыттағы демелыс және тағысын тағы.

✳️Енді осы тақырыпты тарқата түсу үшін мына хадисті тілге тиек етуге болады. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм: «Сендер түскі уақытта бір мезет мызғып алыңдар», – деген. Адам табиғатындағы бұл қажеттілікті өтеу арқылы ардақты ұстазымыздың өсиетін жерге тастамай орындаған боламыз.

✳️Мұның хикметі мынада жатса керек: таңғы уақыт – өзімізді дамытып, ой-өрісімізді кеңейтетін, өнімді жұмыс істеп, шығармашылықпен айналысатын уақыт. Түске дейін тапжылмай жұмыс атқарғаннан кейін, бойымыздағы күшті қайта қалпына келтіріп алу үшін түскі уақытта бір мызғып алудың маңызы жоғары. Түскі уақытта сәл көз іліп, демалып алған адам кешке дейін кез келген істе белсенділік таныта алады. 20-40 минуттан тұратын түскі уақыттағы ұйқы адамның биологиялық уақытына, жаратылыс ерекшелігіне үйлеседі.

✳️Кейде бір сағаттан көп ұйқы кейбір адамдар үшін түнде ұйықтай алмау сынды қолайсыздық тудыруы мүмкін. Ал жарты сағат көлемінде жеңіл көз іліп алудың кімге болсын берер пайдасы зор. Бұл уақытта терең ұйқыға шомбаса да, адам миы жақсы тынығып үлгереді.

 

✳️Себебі адам миына көз арқылы толассыз ақпарат келіп түседі. Ал осындай шамалы уақыт көз жұмылған сәтте ми нейрондарына жаңа информациялар келіп түспегендіктен, ол өз жұмысын қайта қалпына келтіріп үлгереді. Бұл әсіресе шығармашылықпен айналысатын, қағазбен немесе компьютермен жұмыс жасайтындар үшін таптырмас мүмкіндік. Ал физикалық жұмыс істеушілер үшін дененің бірер сәт қимылсыз күйге келуі шаршаған клеткалардың сергіп қалатын уақыты. Осы демалыстың түрін сүннетте «қайлулә» деп атайды.