close
blog images

«Даму оңай» & 12-3=?

( 3.33 )
?Жастық шақ адам өмірінің ең маңызды кезеңі. Себебі жастық шақта адам жаңа өмірге бейімделіп, өмірлік бағытын анықтайды. Бұл кезеңде жасалған шешімдер мен таңдаулар өте үлкен маңызға ие. Осы кездегі асып-тасыған энергияны дұрыс пайдаланған адам ғана үлкен белестерді бағындырады.

?Саналуан қызық пен шаттыққа толы адам өмірінің ең жарқын шақтары осы жастық кезеңде болады. Көп адам оны сағынышпен еске алып жатады. Жас шағындағы сәттерін өмір бойы жыр қылып айтудан жалықпайды. Самайын ақ қырау шалып, жүзін әжім торласа да жас күнінде көргенін, үйренгенін ұмытпайды. Бойынан қуат кете бастаса да әскердегі күндерін күні кеше болғандай суреттеп отырады.

?Балауса балғын шақтың тағы бір ерекшелігі бұл кезде адам табиғаты көркемдік пен сұлулыққа жақын болады. Жаны құмартқан нәрсеге қол жеткізу үшін алыс жолға шығудан тайынбайды. Құласаң нардан құла дегендей үлкен тәуекелдерге барады. Шынында да жастар үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ.

?Жас адамның ойы жүйрік, ақылы сергек, зейіні ашық, жан дүниесі саф, ақ парақтай таза болады. Ми нейрондары белсенді жұмыс атқарып, ішкі және сыртқы сезімдердің оттай лаулап тұратындықтан өмірге деген құштарлық ерекше болады.
Жас кезде адам жаңа дүниеге, жаңа ортаға тез бейімделгіш келеді. Өзгеруге, жаңаруға бұл кезеңнен кейін адамның икемі келе бермейді. Сондықтан жаңа өнер үйрену, шет тілін меңгеру, мамандық игеру бұл кезеңнен кейін қол жетпес сағымға айнала бастайды.

?Адам өмірінің сапалы-сапасыз өтетіні, баянды-баянсыз болатыны осы жастық шаққа тікелей байланысты. Адам жастық шақта өзін дамытуға, білмегенін үйренуге, бойындағы қабілеттерді шыңдауға тырысуы тиіс. Егін алқабы үшін көктем мезгілі қаншалықты маңызды болса, жастық шақ та адам үшін маңызды кезең.

?Жастардың қоғамдағы рөлін М.Шаханов 12-3=? атты өлеңінде тамаша ашқан. Сіз бұл өлеңді оқып па едіңіз?