close
blog images

ФИҚҺ ТУРАЛЫ

( 2.5 )
?Фиқһ – адам өмірін толығымен қамтитын ғылым саласы. Бала туылып бақилық болғанға дейінгі аралықта фиқһтан тыс өмір сүре алмайды. Бұл өміріміздегі барлық әрекетті қамтып, үкім беруге қауқарлы жүйе.

?Алайда қазіргі таңда адам өмірінде бұрын-соңды болмаған мыңдаған жаңа дүниелер бар. Шариғаттың қияметке дейін ескірместен жалғасатынын ескерсек, бұл жаңалықтарға да берер үкімі бар екенінде күмән жоқ.

?Осы орайда күрмеуі қиын мынадай мәселе бар: қазіргі таңда оқытылатын фиқһ кітаптары өткен ғасырларда жазылған еңбектер. Мұны ғылымда турос, яғни ертеректе жазылған классикалық, фундаменталдық кітаптар деп атайды. Туростың орны ерекше, оны оқып таныспай фиқһты ұғыну мүмкін емес. Бірақ онымен шектелу де қауіпті болуы мүмкін.

?Себебі соңғы елу жылда ашылған жаңалықтар мен туындаған жаңа сұрақтардың, жылдам дамыған технологияға қатысты пайда болған жағдаяттардың аталмыш кітаптарда дәнегі берілгенімен, ол туралы егжей-тегжейлі баяндап, толыққанды жауап берілмеген. Бұл мужтәһид (шариғи үкім шығаруға құқылы адам) ғалымдардың сол еңбектерін жазғанда бүгінгі оқиғалар болмады. Әйтпесе олар өз заманының сұрақтарына жауап беріп, барлық түйткілді дерлік шешіп кетуге тырысқан.

?Енді мына қызыққа қараңыз: ерте кезеңдерде жазылған кітаптарды майын шығарып оқысақ та бүгінгі күннің талабына сай, қанағаттандырарлық жауап ала алмай жататын кездеріміз болады.
Мысалы: фиқһтың қаржыға қатысты қарастырған операциялары жиырмаға жуық. Ал заманауи қаржылық операциялардың түрі өте көп, тіпті банктердегі операциялардың өзі қырықтан асады.

?Бұл турос кітаптарында жазылмаған, қарастырылмаған операциялардың барлығы харам дегенді білдірмесе керек. Бұл кітаптар жазылған заманда аталмыш мәселелер әлі туындамаған болатын.Бұндай мәселелер тек қаржы саласында ғана емес. Отбасы, бала тәрбиесі, сапарға қатысты сұрақтарда да туындайды.