close
blog images

ИСЛАМ және ДӘСТҮР

( 0 )
?Ислам қияметке дейін адамзатқа қызмет ететің, кәміл адам тәрбиелеуге бағыталған жүйе. Бұл дін ұлтқа бөлінбейді, барша ұлтқа ортақ. Әрі халықтың мәдениеті, әлеуметтік жағдайы және салт-дәстүріне қайшы келмейтін, яғни арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей адам өмірін реттейтін ғажап дін.

?Әр ұлт пен ұлыстың өзіне тән алуан түрлі дәстүрлері болатынын ескерсек, әр ұлттың өзіне тән мұсылманшылығы да болатыны заңдылық. Бірақ бұл айырмашылық «араб исламы», «қазақтың исламы» немесе «батыс елдерінің исламы» деп айтылмайды. Себебі ислам ортақ қағидалар жиынтығы. Мұндай жағдайда қазақ мұсылманшылығы, мысыр мұсылманшылығы, түрік немесе малайзия мұсылманшылығы деп айтқан жөн шығар. Діннің ортақ жүйелерін әр мәдениет өз салт-дәстүріне, географиялық жағдайына сай ұстанады. Міне, осы айырмашылық исламның өзінде емес, оның практикалық көрінісінде, яғни мұсылманшылықта болса керек.

?Діннің негізгі қағидаларын ұстану, шариғаттың шеңберінен шықпау маңызды. Ал оны практикада қолдану барысында түрлі тәсілмен немесе қандайда бір ұлттық бояумен көрініс тауып жатса, бұл шариғатқа қайшы емес. Мұндай ерекшеліктер дін негіздерінде, иман негіздерінде, парыздарда және көркем-мінезде болмайды. Бұлар қияметке дейін өзгеріссіз қалады. Ал біз жоғарыда айтқан практикалық айырмашылықтар осы негіздерді өмірге енгізу үрдісіндегі өзгерістер. Тіпті усул фиқһта әдет-ғұрыптың өзі шариғи дәлел болып саналады. Мұны жоққа шығару бірте-бірте радикализмге есік ашады.