close
blog images

БҰЗУ – ОҢАЙ

( 0 )
?Егін салу, үй тұрғызу немесе қандайда бір жақсы істі жасау күш-қуатты, еңбекті қажет етеді. Ал жайқалып тұрған егінді ойрандау, салынған үйді бұзу немесе жамандық жасау ешқандай қайрат-жігерді талап етпейді. Оған білім де керек емес. Ал жібі түзу шаруа жасау үшін адамға БІЛІМ қажет болады.

?Егін егетін адам қаншалықты білімді болса, еңбегінің жемісін соншалықты көреді. Құрылысшы да білімінің дәрежесіне қарай жақсы үй тұрғызады. Жақсылық жасау да солай білімді болуды талап етеді. Адам білімі жоғарылаған сайын небір түрлі керемет шаруалар жасайды. Жасаған жақсылығы біліміне қарай көркейе түседі.

?Ал егінді ойрандап бүлдіру үшін ештеме үйренудің қажеті жоқ. Үйді құлату үшін де өнер қажет емес. Сол үшін мұндай істерді көбіне оқу-тоқуы жоқ адамдар жасайды.

?Ал жақсы амалдың орнына арам істер жасайтын адамға келетін болсақ, бұл адамның білім дәрежесіне қарай бағаланбайды. Керісінше білімі бар адамдардың сондай арзан іспен айналысуы адамның дәрежесін одан әрі төмендетеді. Мысалы арақ ішу сияқты әрекетте оқу-білімнің әсері жоқ. Білімді адам жақсырақ ішеді деген сөз емес.

?Кейде адам игі мақсатта жасалған пайдалы нәрсені теріс мақсатта қолдануы, сол арқылы жамандықты одан әрмен түрлендіруі мүмкін. Бұған қаруды мысал етуге болады. Пайғамбарымыздың «Раббым, маған пайдалы білім нәсіп ете гөр» деп дұға ететіні сол үшін болса керек, бәлкім. Ал негізінде білім адамды жақсы қырынан жетілдіреді. Оны игі істе қолдану үшін АДАМ дұрыс болу керек. «Жүрегімді жақсы іске бейілді ет, көңіл-қалауымды игілікке құштар ет» деп Жаратушыдан тілек тілеп жүру керек шығар.

?Өмірге осы түсінікпен қарайтын болсақ, білімді не үшін іздеу қажет екендігі белгілі болады.