close
blog images

ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫ

( 1 )
?Қазіргі таңда ғаламтор деген керемет дүние бар. Сол жерден көліктің қандайда бір сайманын қалай ауыстыру керек деген ақпарат іздейтін болсаңыз, жүз түрлі нұсқаны шығарып береді. Алайда отбасы туралы мәселені жазатын болсаңыз, саусақпен санарлық мәліметті көресіз.

?Бұл мәселе бойынша біздің нарық әлі бос тұр деген сөз. Мүмкін болса, орталық қалалардан отбасын құруға дайындайтын курс ашылса, не болмаса онлайн курстардың бейнежазбалары түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Отбасы түсінігіне қатысты ғылыми дәлелдерге сүйеніп, қазіргі тенденцияларды негізге алып, сол жолда туындайтын проблемалардың шешімін қарастырса көп мәселе шешімін табар еді.

?Себебі қазір ажырасу жағдайлары көп жағдайда білімсіздік салдарынан болып жатыр.
Көп жастар үйленуге дайын емес, отбасы деген ұғымды тар шеңберде түсінеді, сондай-ақ әркім өзінің менмендігін жеңе
алмай келеді. Менің ойымша, бұл курстың аясында қарияларымыз, сондай-ақ психолог, діни мамандар бас қосып,
пікірлерін білдіріп, жеке курс ашу қажет. Бұл тек менің ғана ұсынысым емес,
үлкен ғұлама ғалымдар да осындай модель ұсынып жатыр.

?Мәселен, қазіргі таңда соңғы екі жылда отбасын құрған
адамдар еркек болсын, әйел болсын отбасыға қатысты арнайы
мамандармен кеңесті, отбасы жайлы қанша кітап оқыды деген сауалдардың төңірегінде халық арасында сауалнама жүргізетін болсақ, басым көпшілік адамның мұндай дайындық жасамағанын сенімді түрде айтуға болады. Отбасы құрар алдында бұл туралы адамдар ізденбеген, зерттемеген болып шығады. Отбасы өз алдына бір үлкен институт. Мұнда қайын жұрт, өз жұрты, нағашы жұрт, достар, әріптестер
деген секілді «факультеттер» бар, сондай-ақ бала тәрбиесі дейтін маңызды саласы бар.

?Яғни, отбасы институты ғылыми зерттеуді талап ететін ұғым. Осындай тұтас институтқа біз тек эмоциямен аяқ басып, кіріп-шығып жүргендейміз. Сол себептен, үйленбестен бұрын жастарға отбасыға қатысты
бір курстан өту, кітап оқу не болмаса мамандармен сөйлесуге кеңес берер едім.

Мұнда ескеретін бір жайт: ағалардың кеңесі, ерте үйленген достардың кеңесін
тыңдау бір бөлек дүние. Арнайы мамандарды тыңдау бөлек. Себебі ағасы өз призмасымен, достар өз призмасымен, ал маман мәселені объективті түрде айтып түсіндіруге
тырысады. Мүмкін болса, отбасыға қатысты көптеген түсініктерді
фундаменталды түрде оқып зерттеуді өсиет етер едім және осы арада салт-
дәстүріміздің, шариғаттың шеңберінде болуын қатты қадағалау керек. Отбасы
институтына қатысты семинарлар, нарықтағы кейбір кітаптар батыстың
көзқарасымен айтылған. Оның 95% дұрыс болғанмен, кейбір тұстары біздің
дәстүрімізге сай келе бермеуі мүмкін. Сондай ерекшеліктерді ескеріп оқыса деген ұсынысым бар. Өзіміздің төл мәденитіміздің призмасымен кез келген нәрсені сүзгіден өткізіп барып қабылдау абзал.