close
blog images

ЕҢ МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ТІЗІМІ

( 0 )
✳️ Әбу Мәлік әл-Әшғари (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дегенін жеткізеді: “Тазалық – иманның жартысы. Әлхамдулилләһ – таразыны толтырады, Субханалла мен Әлхамдулилла жер мен көктің ортасын толтырады. Намаз – нұр. Садақа – дәйек. Сабыр – жарық. Құран – сенің пайдаңа немесе саған қарсы болатын құжат. Барлық адам таңертең аттанып өз жанын саудалаушы. Сөйтіп өзін азат етеді немесе құрдымға жібереді”. (Мүслим)

✳️ Адам баласының өмірі өте қызық. Таңның атысынан күннің батысына дейін шұғылданатын ісі көп. Атқарылуы тиіс жұмыстардың ішінен қайсысын орындап, қайсысын кейінге қалдыруға болатынын уайымдап басы қататыны тағы бар.

✳️ Бірақ бірнеше іс адам өмірінде ерекше маңызға ие. Солардың біріншісі – Алланың берген нығметтеріне, бойына дарытқан қабілеттеріне, көз, құлақ сынды теңдессіз сыйларға шүкір ету. Олардың әрқайсысын дұрыс жолда қолдану – шүкір етудің белгісі. Сол арқылы бұл дүниеде амал дәптерін, ақыретте таразысының жақсылықпен толтырады.

✳️ Алланың нығметіне шүкір еткеннен кейін, оның хикметін сезініп, жаратылысқа зер салу, оны тану – адам баласының бұл дүниеге келудегі негізгі міндеттерінің бірі. “Әрбір ақылдыға иман парыз, имандыға ғибадат парыз” деп Абай хакім айтпақшы, барша ғибадаттың түрін қамтиған намаз – адам өмірінің нұры. Бұл адамның рухани тазалығын қамтамасыз етсе, басқа тазалықтың түрлері де ең маңызды амалдар қатарында.

✳️ Ал осы иманның шынайы екенінің дәйегі – қолындағы бардың бір бөлігін жақындарымен, жетім-жесірмен бөлісу, қиындыққа душар болғандарға қол үшін соза білу екені даусыз.
Өмірге адам баласы сынақ үшін жіберілгендіктен, жақсылықпен қатар қиындықтар қоса жүреді.

✳️ Осындай қу жалғанның ыстық-суығына шыдауға төзімділік көрсету – нағыз қайсарлық белгісі. Қазақ сабыр түбі – сары алтын демекші, осы сабыр адам өміріне жылу сыйлайтын үлкен күш.

 

✳️ Құран кәрім – адамзатқа түсірілген соңғы пәрмен. Ол – ненің хақ, ненің жалған екенін көрсетуші нұр. Оған сәйкес амал еткен адамның жақтасы, оған қайшы әрекет еткендер үшін оларға қарсы дәлел рөлін атқарады. Қарбалас қу тіршілік ішінде жоғарыда келтірілген жәйттарды ескерген жан сол күні жаннаттық амал жасаған болады. Ал керісінше жағдайда өзін құрдымға жіберген болып саналады.