close
blog images

ҚЫЗҒАНУ АЙЫП ПА?

( 0 )
?Қызғаныш дінімізде тыйым салынған сезімдердің бірі екені белгілі. Ол жайында айтылған хадистер өте көп. Мысалы, «Қызғаныштан аулақ болыңдар. Шынында, от отынды қалай жалмайтын болса, қызғаныш та сауаптарды солай жоқ қылады» – делінген. ⠀

?Қызғаныштың тыйым салынуының себебі – өзгенің қолында бар нәрсені көре алмау, елдің көзінде ол нығметті төмендетуге тырысу болғандықтан болса керек. Сонымен қатар бір жаңа жақсылыққа қол жеткізген адамның жетістігі ұзағынан болғанын қаламау сынды сезімдер адамның жан дүниесін жаулап, оны улаумен болады.

?Оның үстіне кез келген нәрсе Алланың қалауымен орындалатындықтан, астыртын болса да оған қарсылық білдірудің бір түрі осы қызғанышта байқалады.

?Бірақ мына екі нәрседе қызғана қарауға, соған жетуді армандауға болады. Олар – жомарттық пен даналық. Бұл жайында Ибн Масғуд (р.а) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деп айтқанын жеткізеді: «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында сарп еткен жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен төрелік жасап, оны адамдарға үйреткен данышпанға». (Бұхари, Ахмад)

?Себебі бұл жерде қызғануға қарағанда қызыға қарау жөнінде сөз қозғалып отыр. Қызғанбай, тек қызыққан жан аталған нығметтердің өзгенің бойында жойылып кетуін қаламайды, тек өзінде де болғанын тілейді.

?Сонымен қатар бұл жерде адам баласы қызығатын нығметтер мен бойға дарыған қабілеттердің халық игілігі үшін жұмсау жағы да баса айтылып тұр. Тек қана нығметтің болуын тілеу емес, сол нығметтерді адамзатқа қызмет ету үшін пайдалана білу жағын да тілеген жөн. Жаратқан жалғыз иеміз көпшілікке пайдасы тиетін пенделерінің қатарына қосқай!