Бұл еңбекті оқып отырсаңыз саясаттың қандай күрделі құбылыс екендігін, өмірді одан бөліп қарау мүмкін емес болғандықтан әр адамның саясат жайлы ұғымы мен сауатының дұрыс болуы керек екенін түсінесіз. Кітапта адамның жеке басының саясатына қатысты бөлім бар. Осы бөлімдегі ғұламаның ойларына үңілейік.
Философтың бірінші болып тоқталған мәселесі – адамның тауып жатқан табысына мән беру керектігі. Адам алдымен дүние табуда қолданып жүрген тәсілдеріне жақсылап назар аударып, дұрыс анализ жасауы керек дейді. Бұл табысты арттыратын алғашқы қадам. Содан кейінгісі мал табудың адамның құндылықтарына, яғни дініне, кісілік-келбетіне, абырой-беделіне зияны тимейтін жолын қарастыруға, соны дəріптеуге тиіс екенін басып айтады. Бұдан түсінетініміз жалпы дүниеде жасап жүрген істерімізде рухани құндылықтарды басшылыққа алу адам баласының басты міндеті.
әл-Фарабидің айтуынша бұдан кейін адамға аса қажет қасиеттің бірі – жомарттық. Бұл жерде дүниені қалай болса солай шашу емес, оны қажет жерінде қажетті мөлшерде сауатты жұмсауды айтып отыр. Әр нәрсенің өлшемі болады. Өлшемінен асқан нәрсенің мәні төмендейді.
Содан кейін адамның қадір-қасиеті мен абырой-беделі де маңызды дейді. Кісі өзінің қадір-қасиетін сақтауға барынша күш салу керек. Егер оның алдында табысын молайту мен абыройын көтеру деген секілді екі нәрсенің арасында таңдау тұрса, беделін сақтап қалатын немесе арттыратындай жағына басымдық бергені жөн. Өйткені адам абыройлы болса, оған мал табу қиын болмайды, ал басқа нәрсені ысырып қойып, дүниені көбейтемін деп дерттену адамға абырой əпермейді.
Әбу Насыр бабамыздың қаржылық сауаттылыққа қатысты айтқан соңғы өсиеті мынадай: «Қадір-қасиетімен мал тауып, сол арқылы адамдардың қажетіне жарап, жәрдем берген кісі өзгелерден артық лəззатқа кенеледі. Оның қадірінің арқасында лəззатқа кенелген жандардың бәрі әрдайым оған шынайы дос, жанашыр қолдаушысы болады. Біз бұл жерде кісі өз малының рахатын көрмеуі тиіс дегенді айтып отырғамыз жоқ дейді. Өз қажетінен артылған дүние арқылы өзгелерге қуаныш сыйлаудың адамшылықтың қарызы екенін еске салып жатырмыз.