?Ғасырлар бұрын дүниеден өтіп кеткен ғалымды танудың бірден-бір жолы артында қалдырған ғылыми мұрасына үңілу болмақ. Содан кейін ол жайында оңды-солды сілтеп жүрген адамдардың пікіріне құлақ түрген жөн. Сол кезде ақиқат өздігінен ортаға шыға келеді.
⠀
?Әл-Фараби артында жүзден астам еңбек қалдырған деген дерек бар болса да, бүгінгі таңда ғылыми айналымда жүрген еңбектерінің саны елу шақты. Сол еңбектерінің бірі «Мауғиза» деп аталады. Аудармашылар бұл еңбектің атауын «Уағыз» деп аударыпты.
⠀
?Сол «Уағыз» кітабының кіріспесінде ғұлама; адамдардың қоғамдық деңгейде әртүрлі таптарға бөлінетінін айта келе, мұны әлеуметтік заңдылық деп есептеген. Көптеген идеологияның өкілдері адамдар арасындағы тепе-теңдікті аңсаған болса, әл-Фараби оның шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, бұл мәселеге анағұрлым реалистік көзқараспен қарайды.
⠀
?Оның ойынша адам өзінің деңгейін жақсы танып білуі керек. Бұл өзінен төмендегілердің деңгейіне түсіп кетпеу және жоғарыдағылардың деңгейіне көтерілуге тырмысу үшін қажет. Бұл – ақ пен қараны ажырату, зиян мен пайданы білу, қателіктен ғибрат ала білу сияқты жақсы қасиеттердің қалыптасуына әсер етеді деп есептейді ол. Мұны жеке тұлғаның саясаты деп атаған.
⠀
?Оқырманның санасында ол қандай деңгей деген сұрақ туындауы мүмкін. Жазбаның жалғасында әл-Фараби, адамның бойында екі негізгі қозғаушы күш бар екенін айтады; хайуани күш және ақыл күші. Хайуани дегені тәндегі ләззәттарға негізделген күш. Бұлар жануарладың да бойында бар болғандықтан хайуани деп атап отыр. Ал ақыл күші білім мен интеллект күші.
?Ғұламаның пікірінше адам болмысы осы екеуінің ортасында тұрады. Әуелі хайуани күш дамып, кейіннен ақыл күші дами бастайды. Қайсысына басымдық берсе адамды сол жағы билеп кетеді. Хайуани күшті басқаша нәпсі деуге болады. Нәпсіні ақылға бағындырмай бір сәтке өз бетімен қалдырсаң ол алапат күшке айналады да, адамды өз дегеніне көндіреді дейді данышпан.
⠀
?Бұл мысалды шығыстың әйгілі ойшылы Руми мынадай тәмсілмен жеткізеді: «Бір ақ иті, бір қара иті бар адам осы екі итін таластырса қайсысы жеңеді? Қайсысын жақсы қоректендірсе, сол жеңеді».
Әбу Насыр ізгі адам болғысы келген кісі интеллектін көтеріп, соған басымдық бергені жөн деп насихат айтады.
Пікірлер (1)
Мм