close
blog images

Ойлана алатын ЖАРАТЫЛЫС

( 0 )
♊Ойлану – Тәңірдің пендесіне сыйлаған ең үлкен шарапаты десек артық айтқан болмаймыз. Адам баласының болмысы турасында философтар әртүрлі пікір білдірген. Солардың ішінен Аристотельдің «Адам – ойлана алатын жануар (Аnthropon logon echon)» деген цитатасы сан ғасырдан бері адамның күллі жаратылыс иелерінен дара, бірегей екендігін дөп басып айтқан және өзектілігін жоғалтпай келеді.

♊Құранда осы ойлану мағынасында бірқатар сөздер қолданылады. Олардың арасында нәзік айырмашылық бар. Бұл ұғымдар ислам мәдениеті бойынша ойлану ұғымы қандай болатынын білдіретін термин боп қалыптасты; назар, тәфәккур, тәәммул, тәдәббур, тағаққул. Көру, қарау деген мағынаны беретін назар ұғымы ислами әдебиеттерде бір нәрсені көзбен көріп отырғандай қиял күшін іске қоса отырып ойлану дегенді білдіреді.

♊Тәфәккур – бір нәрсе жайлы терең ой толғау деген мағынаға келсе, тәәммул – мәселеге бірнеше қырынан қарай отырып, ой жүгірту. Назар мен тәфәккур мәселенің нәтижесі турасында ақыл қолдану процесі болады. Ал тәдәббур – бір істің нәтижесін алдын ала болжау дегенге саяды. Ойлану өткен шақпен байланысты қолданылатын жағдайда – оған тәзәккур делінеді. Зікір сөзі осы сөзбен түбірлес. Мағынасы тілмен айта отырып, жүрекпен еске алу. Тағаққул – теориялық және практикалық мәселелер жайында рационалды ойлану мағынасында қолданылады.

♊Тәзәккур мен тағаққулдың үндестігін фуад деп атаған ғалымдарымыз. Ұлы дала ойшылы әл-Фараби мұны рух пен дененің ажырамас бүтіндігі деп тұжырымдаған.

♊Бүгінде ақыл жүгірту немесе ойлану деп атап жүрген ақылдың төңірегіндегі процестерді ислам өркениетінің шыңға шығып, дамыған кезеңінде ғұламалар осылай жүйелеп, жіктеп берген. Осының өзі исламда ақыл-ойдың қаншалықты маңызды орын алатынығын аңғартса керек.