close
blog images

әл-Фарабидің білімге қатысты көзқарасы

( 3.1 )
әл-Фарабиді жалпы әлем жұртшылығы, философиямен айналысатын мамандар саяси-философиялық трактаттары арқылы танитыны белгілі. Алайда Фараби өзінің еңбектерінде қоғамда дұрыс саяси жүйе құруда және қоғамдағы жекелеген адамдардың шынайы бақытқа жетуін қамтамасыз етуде жасалу керек маңызды

 мәселелерді баяндайды. әл-Фарабиді және оның еңбектерін әрдайым жаңа және өзекті етіп тұратын факторлардың бірі осы болса керек.

Қоғам мен саясатқа қатысты пікірлері тұрғысынан әл-Фараби Платон мен Аристотельге ұқсайды. Оның пікірінше қоғам да құдды адам денесі іспеттес тұтас бір механизм және де біріне-бірі тәуелді һәм байланысты. Адам ағзаларының әрқайсында өзінің жаратылыс ерекшелігіне қарай атқаратын функциялары бар. Сол сияқты адамдардың да қоғамдағы рөлдері мен міндеттері бар екенін айтады. Ал ізгі қоғам құрудың басты шарты данышпан басшы дейді әл-Фараби. Басшы нашар болса, қоғам ешқашан оңалмайды деп тұжырымдайды.

Осы тұрғыдан қарағанда әл-Фарабидің ойынша «білім беру дегеніміз әр адам нені жасауы керектігін біліп, оған жасай алатын дүниесін үйрету». Сондықтан білім берушіге аса қабілетті болумен қатар әр тұлғаның бойына тумысынан дарыған қасиеттерді тауып, соны әрі қарай жетілдіру деген міндетті жүктейді. Қысқа қайырғанда ғұламаның білім берудің әдіс-тәсілдеріне қатысты іргелі ұсыныстары осылай.

Осы ретте Илон Масктың 2014 жылы Калифорнияда ашқан «Ad Astra» деген мектебінің сипаттары мен ерекшеліктері еске түседі:

Бұл мектеп оқушыларға баға қоймайды. Ол баланың бойындағы қабілеттерді ашуға еш септігін тигізбейтін көрінеді.

Оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді, керісінше мектепте берілген тапсырманы алдымен оқушылар өзара біріне-бірі жәрдемдесіп орындайды. Өйткені Ад Астрада нақсы жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген сыныптар да жоқ. Үлкені кішісіне, зеректеулері баяу қабылдайтын балаларға көмектеседі. Одан кейінгі этапта мұғалім іске араласады. Оның рөлі супервайзер секілді ғана болады.

Оқушылардың планшет немесе смартфон ұстауына рұқсат жоқ, оның орнына дәстүрлі кітаптар оқиды. Теория үйретілетін сағатта мектептегі стационарлық компьютерлерге отырып сабақ оқи алады.

Мектепте шет тілдері терең оқытылмайды, өйткені зерттеушілердің болжамы бойынша болашақта аудармашы қажет болмай қалады.

Мектептің Астра атты өзіндік валютасы бар. Ол әр оқушыға беріледі және оны оқушылар қаржыны басқару, биржаға трейдинг жасау секілді кейбір қаржылық істерге қолдана алады.

Осы және басқа да көптеген ерекшеліктері бар Ад Астра мектебі әзірге түлек шығарған жоқ, алайда ол жерден адамзатқа орасан зор қызмет ұсынатын түлектер шығатынына Маск пен оның командасының сенімі зор.

P.S: Білім, технология және философия ешкімнің меншікті заты емес. Кім қызығушылық танытып, талпынса соған беріледі.

Пікірлер (1)

  • comment images
    16 сәуір, 2022 21:06:14

    Илон Маска ашқан "Ad Astra" мектебінің оқыту жүйесінің ерекшелігі таңқалдырды.